Ақмолалықтардың Жеңіске қосқан үлесі қандай

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майданның барлық шебінде 1,2 миллионға жуық қазақстандық шайқасты. Ал Ақмола облысынан соғысқа 63 мың адам аттанса, оның 71-і Кеңес Одағының батыры атағына ие болды. Ақмолалықтар азық-түлік, киім-кешек, әскери техника мен оқ-дәріні де жөнелтіп, жеңісті шақындатуға атсалысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысының Мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының дерегінше, облыстың мемлекеттік мұрағатында сақталған көптеген құжаттар Ақмола өңірінің фашистермен соғысқа қосқан үлесін айғақтайды. Майдан шебіндегі ақмолалықтарды айтпағанда, тылдағы жерлестеріміздің ерлігі баяндалған құжаттар көп жайтты аңғартады.

Соғыс басталысымен облыстың жұмысы күрт басқа арнаға ауысты. Өзге жерлерден көшірілген кәсіпорындарды орналастыру, тұрғындарды ісіне жұмылдыру, үкімет пен партия тарапынан қойылған әскери-шаруашылық тапсырмаларды орындау шаралары жедел түрде басталып кетті. 1941 жылы Мелитопольск танк құрастыру зауытының жабдықтары әкелінді. Негізгі цехтар педагогикалық училищенің алаңдарына орналастырылды. Ол №317 зауыт болып белгіленді. Зауыттың барлық жабдықтарын, соның ішінде жүзден астам станокты өте аз уақытта, бір аптаның ішінде құрастыру керек болды. Әрбір жұмысшы өз станогы үшін өзі жер қазды.

1941 жылы 20 қарашада белгіленген уақыттан 20 күн бұрын алғашқы өнім-снарядтар шығарылды. Кейіннен миналар мен гранаталар шығару жолға қойылды. Зауыттың алғашқы директоры Николай Муравьев, құралдар цехының бастығы Леонид Соколов, цех бастығы Михаил Носань, инженер Семен Петлицкий және басқалар зауытты қайта жаңғыртуға атсалысты. 1943 жылдың 1 мамырында зауытқа «Еңбек майданының гвардияшылары» жоғары атағы берілді.

Сондай-ақ, Көкшетауда Мәскеу түбінен көшірілген Подольск тігін машиналар зауыты орналастырылды. Макинка бекетінде Ленин атындағы зауыт қарқынды жұмыс істеді. Олардың барлығы өндірісті қайта құрып, қорғаныс мақсатындағы өнімдерді шығаруды қолға алды. Степняк қаласында орналасқан «Қазалтын» тресі де алты мың жұмысшының басын біріктіріп, алтын өндірді.

«Ақмолалықтар тек майданда ғана емес, тылда да ерекше ерлік көрсетті. Олар Жеңісті жақындату үшін барын салды. Тыл еңбеккерлерінің майдандағыларға көрсеткен қамқорлығы мол болды. «Бәрі майдан үшін, бәрі Жеңіс үшін!» ұранын көтеріп, бар күш жігерлерін жұмылдырды», - дейді өлкетанушы, мұрағат саласының ардагері Г.Салық.

1944-1945 жылдары Ақмола облысы майданға көмек беру және халық арасында көпшілік қорғаныс жұмыстарын ұйымдастыру бойынша республикада бірінші орында болды. Мұрағат құжаттарына сүйенсек, біздегі тыл еңбеккерлерінен шамамен 70 миллион рубльге жуық ақша және мемлекеттік әскери қарыздарды төлеуге 187 миллион рубль қаражат түскен екен. Тұрғындар қорғаныс қорына өздерінің бар жиған-терген ақшаларын, еңбекақыларын құйды. 1943 жылы ақмолалықтардың қаражаты есебінен құрастырылған «Осоавиахимшылар» танк колонналары Кеңес әскерінің қатарын толықтырды.

Сонымен қатар, Ақмола өңірінен майдан даласында қару-жарақпен қатар, киім-кешек, тұрмысқа қажетті заттар да үзбей жіберіліп отырған.

Мерекелерге орай тылдағы ұжымдардан, жекелеген адамдардан сәлемдемелер жөнелтілген. Жауынгерлер 6346 тон, 26060 жұп пима, 17809 жұп төсек жабдықтары, 19667 құлақшынмен қамтамасыз етілген.

Соғыстың басынан аяғына дейін 700 вагон әскери өнім, 120-ға жуық вагон толы азық-түлік майданға жөнелтіліпті. Мәселен, 1942 жылдың ақпанында Ақмола бекетінен Волхов майданының жауынгерлеріне сәлемдеме жіберілсе, ал, сәуірде азық-түлік пен киім-кешек Ленинград, келесі жылы Оңтүстік-Батыс майданындағыларға да жетті. Кадрлардың жаппай ауысуына, біраз адамдардың соғысқа кетуіне қарамастан, Отан қорғауға аттанған сарбаздарға демеу боламыз деген мақсатпен облыстың кәсіпорындары жұмыс жоспарын 200-300 пайызға артық орындап отырды. Жетпеген жұмысшыларды кәсіпорындар қайта оқытып, соғыс аяқталғаннан кейін олар жоғары білікті мамандарға айналды. Мал шаруашылығының мамандары мемлекетке 594426 тонна сүт, 24459 тонна ет тапсырып, соғысқа дейінгі ет өндірісінің көлемін екі есеге арттырды.

Ақмола теміржолшылары да соғыс кезінде қажырлы еңбек етіп, майдан қажетін өтеп отырды. Олар 76 паравоз бригадаларына бірігіп, республика және одақ көлемінде майданға және шаруашылыққа қажетті құралдарды және заттарды тасымалдады. Ақмола теміржолшылары «ФД» және «СО» сияқты жаңа паровоздар алды. Соғыс жылдары өндіріс пен транспортта жалпы өнім 4 есе өсті.

Мұнымен қоса, өңірдің соғыстан жарақатпен оралған жауынгерлерді емдеуге қосқан үлесі мол. Дәрігерлер мен мейірбикелер әр сарбазға ерекше қамқорлықпен қарады. Осының арқасында Ақмолада емделген мыңдаған адам өлімнен аман қалды.

Осы қиын-қыстау кезеңде облыс аумағында, нақтырақ айтсақ, Ақмола, Көкшетау, Атбасар қалалары мен Ақкөл, Бурабай аудандарында жеті госпиталь жұмыс істеді. Бурабай курортты өлкесінде Гамалея, Ильинский, Баранников, Вернадский, Зелинский, Мандельштам секілді құрметті академиктер ғылыммен айналысты.



Соңғы жаңалықтар