Ақмолалықтар Наурыз мейрамын қалай атап өтеді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында Наурыз мерекесі күндері ұлттық ертегілер керуені, челлендждер, байқаулар, байланыссыз концерттер, сондай-ақ, ашық аспан астындағы киіз үй-музейлер ұйымдастырылатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірдің мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасына сілтеме жасап.

Ұсынылған Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа тұжырымдамасы шеңберінде Ақмола облысында мерекелік іс-шаралар 9 наурызда басталды. Сол кезде облыстың барлық ұйымдарында қазақтың ұлттық киімін дәріптеу бойынша челлендж бастау алды. Келесі кезекте облыстың барлық өңірлерінің тұрғындарын қамтитын байқаулар өткізіледі. Оларды жүзеге асыру үшін сценариймен және барлық қажетті санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып жүргізу ережелері бекітілді.

Мысалы, облыстық «Батамен ел көгереді», «Келіндер сайысы», «Жігіт сұлтаны», «Сыбаға тарту», «Әлди,әлди, ақ бөпем», «Ұлттық киім дефилесі», «Көктем аруы», «Ұлттық ойлар» байқаулары, мемлекеттік тілді білуге арналған «Тіл – асыл қазына» байқауы, «Шыңғыс хан», «Қадір таңы», «Отбасылық құпия», «Коней своих не прерывая бег» спектакльдерінің премьералары өткізіледі.

Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Айгүл Сәбитованың айтуынша, мереке күндері облыс орталығының тұрғындары үшін «Ұлттық ертегілер керуені» ұлттық ертегілерінің керуені ұсынылады.

«Сондай-ақ, облыс аудандары мен қалаларында, Көкшетау қаласының он шағын ауданында 10 алтыбақан орнатылып, Теміржол вокзалы, Сарыарқа шағын ауданы мен «Тәуелсіздік» алаңында ашық аспан астындағы «музей-киіз үй» атты үш экспозиция орнатылады, ал сауда үйлерінде фольклорлық ансамбльдердің мерекелік концерттері өтеді. Сондай-ақ, мюзиклдің премьерасы, онлайн-театрландырылған қойылым, «Ғасырлар пернесі», «Мерекелік шашу», «Қош келдің, Наурыз!», «Наурызым-нұрлы ырысым» телевизиялық концерттері ұсынылады, - деп толықтырды А.Сәбитова.

Сондай–ақ, өңірде Наурыз мейрамына арналған «Құт берекем - әз Наурыз», «Былғары бұйымдары - көшпенділер мұрасы» этно - көрмелері, «Наурыз тойы – мереке, салт дәстүрім береке» салт-дәстүрлер сериясын көрсету және көпшілікке тарату, «Жеті ата» зияткерлік байқауы, мәнерлеп оқу байқауларын, Қазақстанда тұратын этникалық топ өкілдерінің қатысуымен Қазақ тарихын, салт-дәстүрлерін білуге арналған зияткерлік викториналарын өткізу жоспарланған.

«Республикалық «30 игі іс» марафоны аясында медициналық-әлеуметтік мекемелер ұйымдарында, балалар үйлерінде, бейімдеу орталықтарында, мобильді топтар мен волонтерлердің, меценаттардың, қайырымдылық және ерікті ұйымдардың қатысуымен «Мейірім керек адамға», «Игі іспен жарасайық», «Твори добро» тәрізді қайырымдылық акциялары топтамасы іске қосылды. Мереке күндері Көкшетау қаласында пәтер иелері кооперативтерінің қызметкерлері, медицина қызметкерлері, полиция қызметкерлері Наурыз көже, бауырсақ пісіріп, еңбек адамдарына құрмет көрсететін болады», - деді А.Сәбитова.

Ведомстводан атап өткендей, елді мекендерде ғимараттардың, аулалардың қасбеттерін безендіру, дәстүрлі ұлттық тағамдарды жергілікті жәрмеңкелерді, балаларға арналған ойын-сауық және танымдық бағдарламаларды, соның ішінде ұлттық спорттық ойындарды бірлесіп өткізу жоспарланған.

Еске сала кетейік, Ақмола облысында Тәуелсіздіктің мерейтойлық жылында «Тәуелсіздікке тағзым» жобалар цикліне енген 500-ден астам мерекелік іс-шара өткізіледі.


Соңғы жаңалықтар