Ақмолалықтар Наурыз мейрамын ерекше тойлап жатыр

Фото: Фото: Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмолалықтар Көкшетауда Наурыз мейрамын тойлап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Арқаның ақ таңымен ілескен ақмолалықтар облыс орталығындағы Абылай хан және Тәуелсіздік алаңындарына жиналып, Наурыз мейрамын «Көкше өңірі сал серілері», «Құт дарған киелі мекен» мерекелік театрландырылған қойылыммен қарсы алды. Бұл күні алаңға 10-ға жуық киіз үй тігіліп, мерекені тамашалауға келген көкшетаулықтар мен меймандарға Наурыз көже, бауырсақ тәрізді ұлттық тағамдар ұсынылып, тегін таратылды. «Көрісу», «Беташар» тәрізді ұлттық салт-дәстүрлері мен «Батырлар шайқасы» спорттық ойындары да көрермендерге ұсынылды.

Мерекелік шараға қатысқан аймақ басшысы Ермек Маржықпаев құттықтау сөз сөйлеп, жиналған халыққа жүрекжарды тілегін арнады.

«Ғасырлар тарихына қарамастан, Наурыз мейрамы халық жадында сақталып, мемлекетіміздің көптен күткен Тәуелсіздігімен бірге елімізге оралды. Бүгін оны 32-рет атап өтіп, біз қайта жанданған Наурыздың тарихы - еліміздің тәуелсіздігінің тарихы деп сенімді түрде айта аламыз», - деп атап өтті аймақ басшысы Ермек Маржықпаев.

Көшпелі өркениет фестивалі аясында Абылай хан алаңның периметрі бойынша орналасқан «Көне дәуір мәдениеті», «Былғары мен тері», «Құрақ-көрпе», «Күміс әшекейлер», «Ұлттық киімдер», «Ұлттық бұйымдар», «Ұлттық өнер», «Салт-дәстүрлер», «Ұлттық құндылықтар» және кітап тақырыптар негізіндегі 10 киіз үй қалашығы мерекенің көркін одан сайын қыздыра түсті. Олардың әрқайсысында қала тұрғындары мен қонақтары ұлттық бұйымдардан жасалған көрмелерді көріп, ұлттық тағамдардан дәм тата алды.

Мұндағы фестивальдің идеясы -түркілердің бай мәдениетін, халықтың бай тарихын көрсету, өскелең ұрпаққа салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыпты дәріптеу, патриотизмді қалыптастыру.

Әсіресе, Қ.Күмісбеков атындағы халық аспаптар оркестрінің, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының, «Көкшетау» және «Достар» мәдениет сарайы әншілері мен облыстың әр шалғайынан келген көркемөнерпаздар ұжымдары мерекені әсем әнмен әрлендіріп, күміс күймен, мың бұралған бимен түрлендіріп, көпшілік көңілін шалқыта түсті.

Сонымен бірге мерекелік шараға жиналған жұртшылыққа наурыз көже, құрт, бауырсақ, сондай-ақ 1000-нан астам қызғалдақ гүлі үлестірілді.

Шара облыс орталығының «Жайлау», «Сарыарқа», «Бірлік», «Автоқалашық» шағын аудандарында «Наурыз мейрамы – Ұлы даланың ұлағаты» көшпелі концерттік бағдарламасына ұласты.

Айта кетсек, Ақмолада Наурыз мейрамын мерекелеу аясында 1000-нан астам іс-шара өтеді.


Соңғы жаңалықтар