Ақмолалықтар медициналық сақтандыру қорына 32 миллион теңге аударды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмолалықтар міндетті əлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 32 миллион теңге қаржы аударды. Бұл туралы «Əлеуметтік медициналық сақтандыру» ұлттық акционерлік қоғамы Ақмола филиалының басшысы Нұрлан Ақылбековтың қатысуымен өткен баспасөз конференциясы барысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.



Оның сөзінше, ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап жұмыс берушілер қарамағындағы жұмысшылардың айлығының 1 пайызын міндетті əлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аудара бастады.

«Қазіргі кезде, Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің дерегіне сəйкес ақмолалықтар тарапынан міндетті əлеуметтік медициналық сақтандыруға 32 миллион теңге қаржы аударылды. Бұл қаражат Ұлттық банк есепшотына жиналады», деді Нұрлан Ақылбеков.



Сонымен қатар, ол аударылған жарна көлеміне байланысты республиканың əр өңірі бойынша рейтинг жүргізілетінін атап өтті. Қазіргі кезде республика бойынша бұл көрсеткіш 800 миллион теңгені құрайды. Сондай-ақ, Нұрлан Ақылбеков медициналық сақтандыру жүйесінің қазақстандық моделі дұрыс жұмыс істеп кетуі үшін шамамен 44 миллиард теңге қажет екенін де айтты.

Жалпы, өзін өзі жұмыспен қамтып отырған халық 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, төменгі еңбекақысының 5 пайызын екінші деңгейдегі банк немесе қазпошта бөлімшесі арқылы ай сайын аудара алады.

Соңғы жаңалықтар