«Ақмолалықтар - майдан мен тыл шебінде» атты мұрағаттық құжаттар жинағы жарыққа шықты

None
None
АСТАНА. Мамырдың 4-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Астана қалалық мұрағаттар мен құжаттамалар басқармасы мен Мемлекеттік мұрағат ұжымдары бірігіп «Ақмолалықтар - майдан мен тыл шебінде» атты мұрағаттық құжаттар жинағын жарыққа шығарды.

Аталған жинаққа сол кездегі Ақмола қаласында жасақталған 310, 387 және 29-шы атқыштар дивизияларына қатысты бұрын жарияланбаған, «құпиялық» белгісі алынбаған құжаттар топтастырылған. Кітапқа енген материалдардан соғыс жылдарының қарбаласы мен қазақстандық тыл еңбеккерлерінің жеңісті жақындата түсуге қосқан үлесі, ең бастысы Ақмола қаласының сол кезеңдегі тыныс-тіршілігі айқын көрінеді. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әскери және қорғаныс шараларымен бірге әлеуметтік және саяси салада атқарылған қарбалас сәттер де көрініс тапқан. Жергілікті билік органдарының Ақмолаға уақытша қоныс аударған кәсіпорындар мен тұрғылықты жерлерінен еріксіз көшірілген ұлт өкілдерін орналастыру мен оларға жағдай жасау барысында атқарылған жұмыстары да нақты құжаттар негізінде әсерлі баяндалған. Қ.Тоқабаев, Ш.Мұқанов, Қ.Қамышұлы сияқты ақмолалық майдангерлердің жеке қорларынан алынған құжаттарды осы жинақтан табуға болады. Сонымен қатар «Мемориалдық аймақ» іздестіру отрядының атқарған қызметі толығымен ашып көрсетілген. Олардың араласуымен жүзеге асырылған жұмыстардың жай-күйі де жан-жақты қамтылған.

Ақмолалықтардың Ұлы Жеңіске қосқан рөлін ашуға деген талпыныспен шығып отырған кітап қалың оқырман қауымға, ең бастысы Отан үшін от кешкен ардагерлерге, қала тарихын зерттеушілерге арналған.

Таралымы - 250 дана.

Соңғы жаңалықтар