Ақмолалықтар көктемгі егіске дайындалып жатыр

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмолалықтар биыл 5,2 миллион гектардан астам алқапқа дән себуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Димаш Таласпаевтың айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнімнің жалпы көлемі 383 миллиард  теңгені құрады. Оның 258 миллиард теңгесі егіншілікке тиесілі. Жер балансына сәйкес, ауыл шаруашылығына бағытталған жалпы жер көлемі 5,7 миллион гектарды құрайды, оның 745,2 мың гектары өңделетін жер.

«Биыл 5,2 миллион гектардан астам алқапта көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның 4,3 млн гектарына дәнді және бұршақты дақылдар сіңіріледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, біршама артық. Көктемгі егіс науқанын он сегіз жұмыс күнінің ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ол үшін қарқынды жұмыс істеу керек. Қолда бар мал табындары үшін біржылдық және көпжылдық екпе шөп, жүгері дақылын 632598 және 11416 гектар жерге,  сондай-ақ, 258366 гектар алқапқа майлы дақылдар сіңіреміз», - дейді Д.Таласбаев.

Сонымен қатар, ол биылғы жылға 65 мың тонна дизель отынына квота бөлінгенін де атап өтті. Наурыз айының квотасы бойынша бөлінген 30 мың тонна жанар-жағар май толық тасымалданып алынды. Қазір жанар-жағар май одан әрі кесте бойынша тасымалдануда. Оның литрі 150 теңгені құрайды. Мұнымен қатар, облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері уақытында ылғал жабуға және егіс алдында жер өңдеуге жеткілікті дизель отыны қорын жасайды. Мемлекеттік техникалық бақылаудың қорытындысы бойынша машина-трактор паркінің дайындығы 82-100 пайыз қамтамасыз етілген. Көктемгі егіс науқанына әртүрлі 16,5 мың ауыл шаруашылығы техникасын пайдалану жоспарланған. Оның 1201-і шетелдік егіс кешені.

«Облыс бойынша соңғы үш жылда 1778 өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Техниканы жаңарту биыл да жалғасатын болады», - деді басқарма басшысы.


Фото: bambinostory.com

Соңғы жаңалықтар