Ақмолалықтар ЭКСПО-2017 көрмесіне келушілерге 30 турмаршрут ұсынбақ

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткен әкімдік  мәжілісінде ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық барысы талқыланды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі өңір басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәжілісте айтылғандай, аталмыш көрменің ашылуына тура 73 күн қалды. Облыста осы бағытта 54 пункттен тұратын іс-шаралар жоспары жасалынып отыр. Туристерді қабылдау үшін 7 турпакет әзірленіп, Щучинск-Бурабай курортты аймағы және Қорғалжын қорығын қамтитын 30-дан астам бағыт анықталған.

ЭКСПО-2017 қонақтарын 12  мыңнан астам жататын орны бар 100 қонақ үй, отель, турбаз, 28 шипажай-курортты ұйымдары қарсы алуға дайын. Оған қоса,   86 мейрамхана мен дәмхана, жол бойындағы 420 мекеме сервистік қызмет көрсетпек.

Сонымен қатар, көрме өтетін аралықта ауыл шаруашылығы кәсіпорындары Астананы күнделікті тұтынатын (ет және ет өнімдері, сүт және сүт өнімдері, жұмыртқа, көкөніс және картоп тәрізді) азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету бағытында жеткізілетін ауыл шаруашылығы тураларының көлемін анықтап отыр.

Осы орайда, аймақ басшысы Мәлік Мырзалин астаналық облыстың аталмыш көрмені өткізу және ұйымдастыру шараларына белсенді қатысу керектігін атап өтті. Облыс аумағында ЭКСПО-2017 шеңберінде өтетін шараларды сапалы өткізуді тапсыра келе, аудандар, қалалар және мемлекеттік органдардың басшыларына бірқатар нақты міндеттерді белгіледі.

Соңғы жаңалықтар