Ақмолалықтар екі жыл ішінде МӘМС-ке 6,5 миллиард теңге аударған

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында 2017 жылғы шілденің 1-нен бастап биылғы жылдың 22 шілдесі аралығында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін кәсіпкерлер мен жұмыс берушілердің жарнасы мен аударымдарының көлемі 6,5 миллиард теңгені құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Əлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Ақмола филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Енді жарты жыл өткен соң қазақстандықтар ҚР Үкіметі жаңадан бекіткен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мен кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде көрсетілетін қызметтер тізімі бойынша медициналық көмек алады.

«Ақмола облысында кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер 317 478 тұрғын үшін 6,5 миллиард теңге аударды. Бұл өңір тұрғындарының 41 пайызын құрайды. Республика бойынша жарнаның жалпы соммасы 188,9 миллиард теңгені құрады. Жалпы, жоспар бойынша 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша медициналық көмектердің шығынын жабу үшін барлығы 206 миллиард теңге қаржы жинау жоспарланған.

«Жиналған қаржы кеңейтілген медициналық қызметтер тізілімі есебінен сақтандырушыларға тиімді жағдай жасауға бағытталады. Яғни, кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде көрсетілетін қызметтер тізілімімен салыстырғанда тұрғындардың медицинаға деген сұранысы үрдісінен шыға алады», дейді «Əлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Ақмола филиалының басшысы Нұрлан Ақылбеков.

Сонымен қатар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасына ақша аударуға асықпаған жұмыс берушілер өсімақы төлеуге мәжбүр болды. Өсімақының көлемі ағымдығы жылғы шілденің 22-дегі мәлімет бойынша облыста 18,6 миллион теңгені құрады.

Айта кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай, биыл Ақмола облысында медицина қызметкерлеріне 30 пайыз өсіммен еңбекақы төленді. Бірінші кезекте ең төменгі айлық алатын медицина қызметкерлерінің еңбекақысы көтеріліп отыр.

Соңғы жаңалықтар