Ақмолалық журналистер Жолдау міндеттерін талқылады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат-Елбасының Жолдауын Ақмола облысының «Арқа ажары» газетінің журналистері мен Бірлестік ауылының тұрғындары бірлесіп талқылап, ой бөлісілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Зеренді ауданындағы Бірлестік ауылында болған «Арқа ажары» газетінің бір топ қызметкерлері Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауы жайлы ауыл тұрғындарымен пікір алмасты.

Ауыл мектебінде өткен кездесуде «Ақмола-«Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиев «Арқа ажары» газеті - жергілікті жердің тыныс-тіршілігін, жақсы өзгерістер мен жағымды жаңалықтарды жалпақ жұртқа үзбей жариялап келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, ол  Елбасы Жолдауы  ғасырдан астам тарихы бар басылымның халықпен байланысын одан әрі нығайта түсетініне тоқталды.

«Біз бүгін иманы ұйыған, береке дарыған Бірлестік ауылына келіп, ең әуелі өздеріңізбен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халқымызға арнаған жуырдағы Жолдауы жайлы айтып, ой бөлісуді мақсат еттік.

Жыл құжаты бүгінгі әңгіменің басты арқауы болуға тиісті деп ойладық. Президентіміздің 1997 жылғы алғашқы Жолдауынан бастап күні кешегі Жолдауы аралығындағы стратегиялық міндеттердің бірде-бірінің маңыздылығы әлі күнге дейін жойылмағандығын аңдар едік. Басты мақсат - ел болу, Қазақстанды әлемнің дамыған озық 30 мемлекеттерінің қатарына қосу, бұл - Мәңгілік ел болудың мұраты!», -  деді Жабал Ерғалиев.

Сонымен қатар, газеттің шолушысы, Қазақстанның құрметті журналисі Бақберген Амалбеков те өзінің ойын білдірді.

«Жолдауда туындайтын міндеттердің  барлығы елдің екпінді дамуын, халқымыздың табысы артып, алаңсыз тіршілік кешуін көздейді. Бүгінгі емен-жарқын әңгіме ақпарат тынысының кеңдігін байқатады. Ендігі жерде ақпарат айдыны бұдан да кеңи түсетінін, бұл күнделікті қажеттілікке айналатынын байқатады. Уақыт сұранысы да осы. Бірлестік мектебінің аты өңірге жақсы мәлім. Мұнда талай-талай айтулы азаматтар тәрбиеленген. «Туған жерге туыңды тік» дейтін қағиданың жақсы үлгісі ақшаңқан ауылда көрініп тұр», - деп сөзін сабақтады ардагер журналист.

Елбасының Жолдауы мектеп мұғалімдерін зор қуаныш пен сенімге бөледі.

«Жолдауда мұғалімнің қоғамдағы рөлін анықтап, беделін арттыру туралы Елбасы айтқан пікірге шынайы ризашылығымызды білдіреміз. «Мұғалім статусы» туралы заң қабылданар болса, бұл әр мұғалімнің жауапкершілігін де көтеретін болады», деді Бірлестік орта мектебінің директоры Лалагүл Есмағұлова.

Ашық пікір алмасу жағдайында өткен кездесуде ауыл өміріне көкейкесті мәселелер де кеңінен қаузалды. Бірлестік ауылының бүгінгі бейнесі көңіл өсіреді. Ақшаңқан үйлер қатары көбейіп, жолдарына асфальт төселіпті. Демек, жұмыссыздық азайып келеді. Шаруа қожалықтары агроөндіріс саласын алға жылжытқанын көресін.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандықтарға арнаған биылғы Жолдауында алған қойылған міндеттерді жүзеге асыруда бірлігі жарасқан бірлестіктіктер бір адамдай атсалысатындығына сенімдімін. Бұл Жолдауда ауыл шаруашылығы өндірісіндегі еңбек өнімділігін арттыруға айрықша көңіл бөлініп отыр. Туған жерді көркейту мақсатында «Ауыл - ел бесігі» жобасы да іске қосылғалы отыр. Қазақ тілінде шығатын «Арқа ажары» облыстық басылымды ауыл тұрғындары жыл сайын жаздыртып алады. Сондықтан, облыс өмірінің айнасы, ел ішіндегі жылт еткен жаңалықтарды уақытылы оқырмандарға құлағдар ететін басылыммен бірлесіп, Елбасы Жолдауындағы міндеттерді бір адамдай атсалысып жүзеге асыратын боламыз», - деді кездесуді қорытындылаған Сейфуллин ауылдық округінің әкімі Ақылбек Бекмағамбетов.

Соңғы жаңалықтар