Ақмолалық спортшы қыз қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионы атанды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмолалық спортшы қыз Зарина Қанафина қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионы атанды. Бұған қоса, ақмолалықтар ел қоржынына тағы 3 қола медаль салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.

Ведомствоның дерегі бойынша, Ресейдің Тула қаласында өткен жарысқа Ресей, Қазақстан, Беларусь, Грузия, Армения, Румыния, Әзербайджан, Чехия, Германия тәрізді әлемнің 37 елінен жиналған 18 жасқа дейінгі 300 ұлдар мен қыздар және 21 жасқа дейінгі жастар қатысты. Жеңімпаздар 47 салмақ бойынша анықталды. Қазақстан құрамасы сапында Ақмола облыстық балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің түлектері болды. Оның ішінде 65 келі салмақта сынға түскен Зарина Қанафина жарыс иелері Ресей және Иран елінің спортшыларын тізе бүктіріп, әлем чемпионы атанды.

«Жеңіске жеткеніме қуаныштымын! Қарсыластарым кілең мықтылар. Жарыс алдында сәл қобалжыдым. Бірақ, жеңіс менің жағымда болды. Жаттықтырушым мен жанкүйерлерімнің қолдауының арқасында жеңіске жеттім», деп қуанышымен бөлісті З. Қанафина.

Сонымен қатар, Регина Максимова (60 кг) Гүлнұр Мырзатаева (50 кг) және Мәди Әлиақпаров (36 кг) қола жүлдегер атанды. Бұдан бөлек Регина Максимоваға жеңіске деген жігері үшін арнайы кубок тапсырылды.

Ақмолалық спортшыларды Бекзат Баймұратов, Аслан Зейноллаев, Жаслан Жантасов және Дархан Қасымов есімді бапкерлер жаттықтырады.

Соңғы жаңалықтар