Ақмолалық шенеуніктер өлген малдар көмілген орындарға қатысты түсінік берді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат -Целиноград ауданы Қосшы ауылдық округінің шенеуніктері жұқпалы аурудан өлген малдардың көмілген орындарына  қатысты тұрғындар сұрағына жауап берді. Сондай-ақ әкімдік өкілдері алынған сынамалардың нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетейік, әлеуметтік желілерде Қосшы ауылдық округінің тұрғындары аурудан қырылған малдың өлекселері көмілген топырақта әлі күнге дейін қауіпті жұқпаның болуы мүмкіндігін жазған еді.

«Астанадан 2 шақырым жердегі Қосшы ауылдық округі бойынша мәселені шешуді өтінеміз. Мамыр айының басында Тайтөбе ауылында сібір жарасы жұқпасына қатысты топырақтан сынама алынды. Кейін бұл комиссия осы жерден тағы да сынама алды. Алайда, сараптама қорытындысы жарияланбады. Бұл аумақта жер қазу жұмыстары тоқтатылды.  Осы жерде сібір жарасы жұқпасына ұшыраған малдардың өлекселері көмілген. Соңғы кездері ауылда өлген малдардың өлекселері көбейіп кеткен. Олардың неден өліп жатқаны белгісіз. Бұл адамдар үшін өте қауіпті, сондықтан оның себептерін анықтап, залалсыздандыру қажет», - деп жазады Гуля Валиева есімді әлеуметтік желі қолданушысы.

Әйелдің сөзінше, 50 мыңнан астам халқы бар елді мекеннің 60 пайызы жер асты көздерінен алынатын суды ішеді. Егер жұқпа су немесе шаң арқылы адамдарға жұқса арты насырға шабуы мүмкін.

«Бұл шынымен де экологиялық апат! Биліктегілерге топырақтан алынған сынамалардың қорытындысын жариялауды талап етеміз!», - деп толықтырды  Г.Валиева.

Шенеуніктер бұл мәселеге бірден назар аударып, түсінік берді.

«Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Б.Н.Әбутәліпов Қосшы ауылдық округі әкімінің аппаратымен, «Төрт түлік»  ШЖҚ МКК және жергілікті қауымдастық өкілдерімен бірлесіп, малдың өлекселері жатқан жерлерді барып көрді. Шара нәтижесінде барлық өлекселер жиналды және тексерілді. Малдардың әбден азуынан өлгені анықталды. Өлекселер арнайы пештерде өртелді», - деп түсіндірді Қосшы ауылдық округі әкімдігінен.

Ведомствоның мәліметі бойынша, өлген малдардың иелерін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесі бойынша ветеринарлық заңнама бұзғаны үшін мал иелері әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілкке тартылатын болады.

«Судан алынған сынамаға келетін болсақ, 2018 жылдың 4 сәуірінде Тайтөбе ауылының тұрғындары қолданып жүрген судан түйнеме жұқпасын анықтау бойынша сынама алынып, микробиологиялық зерттеу жүргізілді. 2018 жылдың 9 сәуіріндегі  №10-13 зерттеу қорытындысы қауіпті жұқпаның жоқтығын анықтады. Ал топырақтан, яғни 6 метр тереңдіктен 5 сынама алынып, зертханада  бактериологиялық, серологиялық, биологиялық және генетикалық зерттеулер жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша генетикалық әдіс арқылы жүргізілген №2 және 4 сынамада ДНК B.anthracis анықталды. Бұл дегеніміз бұрыңғы тіршілікке қабілетсіз  микроорганизмдердің барын білдіреді. Ал бактериологиялық, серологиялық, биологиялық зерттеулерде қауіптің жоқтығы анықталды. Қазіргі кезде  ереже бойынша эпизоотияға қарсы іс-шаралар жүргізілуде», - деп түсіндірді Қосшы әкімдігінен. 

Соңғы жаңалықтар