Ақмолалық полицейлер қоян-қолтық ұрыс турнирінде жеңімпаз атанды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда Қазақстан полициясының 25 жылдығына орай қоян-қолтық ұрыс және каратэ-до спортынан облыстық ІІД басшысының кубогіне арналған турнир өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

null
Облыстық ІІД, «Динамо» спорт қоғамы федерациясы және каратэ-до федерациясының ұйымдастырумен өткен турнир барысында ІІД,  мамандандырылған күзет қызметі басқармасы, қылмыстық атқару жүйесі департаменті қызметкерлері, 5510 әскери бөлім сарбаздары және жергілікті картэшілерден құралған 170  жуық адам қатысып, бақ сынады.

Турнир 55 кг, 60 кг, 65 кг, 70 кг, 75 кг, 80 кг, 85 кг және 90 кг салмақтар бойынша өтті. Жарыстың ашылу салтанатында облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Жанатбек Есімов құттықтау сөз сөйлеп, турнирдің маңыздылығын атап өтті.

«Құқық қорғау органдары арасында спортты дамытуға зор көңіл бөлінуде. Біздің қызметкерлердің көпшілігі байрақты додаларда облыс намысын қорғап жүрген соның айғағы іспеттес», - деді Жанатбек Есімов.
null

Бұдан соң, турнирдегі қоян-қолтық ұрыс спортының бас төреші Жаслан Жантасов жарыстың ережелерін түсіндіріп өтті. Кештің құрметті қонақтары болып Қазақстан Республикасының қоян-қолтық ұрыстан еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мереке Жүсіпов, бокстан әлем кубогының иегері Руслан Мусинов және каратэ-до спортынан еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сәкен Рақымжанов болды.

Жарыс қорытындысы бойынша қоян-қолтық ұрыстан Ақмола облысының ішкі істер департаментінің спортшылары жеңіс тұғырынан көрінді. Екінші орынға «Динамо» спорт клубының спортшылары лайық деп танылса, үшінші орын мамандандырылған күзет қызметi басқармасының командасына бұйырды. Ал, каратэ-додан жеңіс тұғырынан көрінген Лейла Мерзаева, Ернұр Ерғалиев, Серік Сайын және Әнуар Асанов секілді бірқатар жас спортшылар жарыс барысында шеберліктерімен танылды. Турнирге белсенді қатысқан спортшылардың барлығына естелік сыйлықтар мен арнайы дипломдар табыс етілді.

Соңғы жаңалықтар