Ақмолалық полицейлер көпбалалы отбасыларды Наурыз мейрамымен құттықтады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмолалық полицейлер қайырымдылық акциясы шеңберінде көпбалалы 5 отбасында болып, Наурыз мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметі бойынша, бұл жолы Бұланды аудандық ПБ қызметкерлері бастамашылық танытты. Полицейлер Ұлыстың ұлы күні-Наурыз мейрамында көмекке мұқтаж бес отбасында болды.

«Аталмыш отбасылардың әлеуметтік- тұрмыстық жағдайын ести салысымен біз оларға қиын кезде көмек қолын созуды шештік», - дейді полиция капитаны, ювенальды полиция тобының учаскелік инспекторы Зайра Әбілқайырова.

Қажетті қаражат және азық-түлік сатып алған полицейлер Макинск қаласындағы көпбалалы бес отбасына барды. Өз кезегінде аталмыш отбасы мүшелері де қайырымдылық көмек көрсеткен полицейлерге алғыстарын білдірді.

«Полицейлер әрқашанда көмекке келуге дайын тұрады. Полицейлер тарапынан жиі ұйымдастырылып отыратын түрлі қайырымдылық акциялары соның анық айғағы. Бұл бір реттік шара емес, алдағы уақытта да мұқтаж отбасыларға көмек көрсете береміз. Барлық азаматтарды осындай қайырымдылық шараларына белсене қатысуға шақырамыз», - деп атап өтті ведомстводан.

Айта кету керек, бұдан бөлек Ақмола облысының ПД қызметкерлері Сандықтау ауданындағы балалар үйінде болып, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға сыйлықтар үлестіріп, қайырымдылық концертін өткізді. Қазіргі таңда Сандықтау ауданындағы балалар үйінде 60-тан астам бала тәрбиеленуде. Тәрбиеленушілерге барлық жағдай жасалған.

Соңғы жаңалықтар