Ақмолалық полицейлер екі баласымен далада қалған келіншекке көмектесті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының полицейлері екі баласымен далада қалған келіншекке көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметі бойынша, Көкшетау қалалық ПБ №1-ші әкімшілік участогінің ювеналды полиция бөліміне екі бала асырап отырған жергілікті тұрғын Алина И хабарласып, көмек сұраған.

Зардап шегушінің сөзінше, ағымдағы жылдың сәуір айында азаматтық некедегі күйеуі отбасылық түсініспеушіліктен кейін оны балаларымен бірге жалдап тұрып жатқан пәтерден қуып шыққан. Осыған орай, балалардың мүддесі мен құқықтарын қорғау мақсатында ювеналды полиция қызметкерлері бұл мәселені жасөспірімдердің ісі бойынша комиссияның қарауына шығарды.

Бір айта кетерлігі, келіншек пен балаларында Қазақстан Республикасының азаматтығы және жеке куәлігі болмаған.

Әйелдің өзі айтқандай, оның ата-аналары Қазақстаннан Ресейге қоныс аударып, сонда ажырасқан. Кейін жасөспірім шағында ол анасымен бірге Қазақстанға қайтып оралған.

Алайда, Ресейде болғанында 14 жасқа толмағандықтан Ресей Федерациясының азаматтының төлқұжатын ала алмаған. Ал анасы онкологиялық аурумен науқастанғандықтан құжат рәсімдеуге мүмкіндігі болмаған және миграциялық картаның мерзімін өткізіп алған. Осының салдарынан Алинаның өзі ғана емес, балаларының да құжаттары жоқ.

"Қазіргі кезде, Көкшетау қалалық ПБ Ювеналды полиция бөлімінің өтінішхаты бойынша келіншек екі баласымен бірге Көкшетау қалалық әлеуметтік бейімдеу орталығына жайғастырылды. Бұдан бөлек, Алинаның Ресей Федерациясының елшілігінен азаматтықтың барын не жоғын білдіретін анықтама алуы үшін бюджеттен қаржы бөлу мәселесі қаралып отыр.Осы анықтаманы алғаннан кейін Алина мен оның балаларының құжаттарын рәсімдеу мәселесі шешілетін болады", - дейді ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.

Сонымен қатар, ювеналды инспекторлар Ресей Федерациясының елшілігінен азаматтық мәртебе туралы анықтама алғаннан кейін Алина мен оның балаларының құжаттарын рәсімдеуге, балалардың әкесін анықтауға және балаларды асырауға алимент алу үшін өтініш жазуға көмектеспекші.

Соңғы жаңалықтар