Ақмолалық палуан Мәскеудегі туристік көрмеде Қазақстанды таныстырады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмолалық палуан Сергей Цырульников Мәскеуде өтіп жатқан туристік көрмеде Қазақстанды таныстырады. Алып күш иесі көрмедегі қойылымы арқылы өңірге турист тартуды көздеп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысы туризм басқармасының мәліметінше, наурыздың 12-14 аралығында MITT-2019 Мәскеу халықаралық «Саяхат және туризм» туристік көрмесі өтуде. MITT-2019 көрмесі әлемдегі ең ірі туристік көрмелердің бірі саналады және әрқашан халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланады. Көрмеге жыл сайын әлемнің 190-нан астам елі мен өңірінен 2000 жуық компания қатысады.

«Көрмеде Қазақстан тарапынан жалпы аумағы 69 шаршы метр жеке көрме стенді ұсынылды. Жерлестеріміз Қырғызстан және Өзбекстан елінің стендтерімен қатар орналасты, яғни бірыңғай шығыс стилін сақтау мақсатында. Бұл көрменің ресми серіктесі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және «Kazakh Tourism» ҰК АҚ-мен бірлесіп, туристік индустрия мен туризм бизнесі өкілдеріне арналған қаражат бөлді. Экспоненттерге арналған алғышарт - жоғары сапалы таратылымдар мен қалыптасқан туристік өнімнің болуы», - деп атап өтті Ақмола облысы туризм басқармасындағылар.

Сонымен қатар, көрме шеңберінде ақмолалық танымал палуан Сергей Цырулников Қазақстан мен Ақмола облысының атынан өнер көрсетіп, ерекше әсерлі шоу ұсынбақшы.

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Марат Иғалиевтің сөзінше, Сергей Цырульниковтың көрмеге қатысуы - келушілер назарын Қазақстанның стендіне аударуға және елдің туристік имиджін нығайтуға мүмкіндік береді.

«Ақмола облысы - ресейліктер жиі демалатын орындардың бірі. Сондықтан, бұл көрменің маңызы зор. Көрме арқылы екі елдің шекаралас аймақтары арасында туристік байланыс нығая түседі. Өз кезегінде ақмолалықтар өңірдің туристік әлеуеті туралы ақпараттық материалдарды ұсынады. Ал, Сергей Цырульников болса, көрмеде біздің облысты жарнамалайды. Бұл Бурабай курортына туристер ағымын арттыруға мүмкіндік бермек», - деді ҚазАқпарат тілшісіне М.Иғалиев.

Көрме шеңберінде Ақмола облысының делегациясы отандық және халықаралық нарықтардағы туризм индустриясының өкілдерімен кездесулер мен келіссөздер жүргізеді.

Айта кетейік, Сергей Цырульников - Ақмола облысы Шортанды ауданының тумасы. Күш өнері бойынша 4 дүркін әлемдік рекордшы, волейбол және пауэрлифтинг бойынша спорт шебері, кір тасын көтеру бойынша спорт шеберіне үміткер, қазақтың атақты балуаны Қажымұқан мен Балуан Шолақтың дәстүрін жалғастыратын бірқатар қауіпті, күрделі трюктерді орындаушы. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гвардиясының бұрынғы офицері. 2017 жылы ол әртүрлі бағыттарда төрт адам тартып тұрған аттарды көтеру арқылы өте қауіпті трюк көрсеткен болатын. Осы қойылым арқылы ол Қазақстанның рекордтар кітабына енген. 2018 жылы ол салмағы 148 тонналық машина бар дизельді тепловозды бірнеше метрге сүйреген болатын.

Соңғы жаңалықтар