Ақмолалық өз қаржысына ауыл мектебін жөндеп берді

None
None
  КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Сандықтау ауданындағы «Свободное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз қаржысы есебінен Владимирский мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

1982 жылы қыркүйек айында «Максимов» кеңшарының директоры болып тағайындалған кезден бері Александр Закусилов өзінің еңбек және өмір жолын осы шаруашылықпен байланыстырып келеді. Кеңес заманында кеңшарды талай жетістіктерге жеткізген ол нарыққа көшкеннен кейін меншік түрі өзгеріп, «Максимов» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атанған шаруашылықты өтпелі кезеңнің ауыртпалықтарынан да аман алып шықты. Максимов ауылының тұрғындары басқалар сияқты өтпелі кезеңнің қиындықтарын қатты сезіне қойған жоқ. Жұртшылық өздерінің бар пайларын түгел осы шаруашылықтың ыстығына күйіп, суығына тоңып, бар жұмысын атқарып жүрген директордың қолына сеніп тапсырды. Александр Александрович те сол көпшіліктің өзіне көрсеткен сенімін ақтау үшін аянып қалмады. Бұрын да кеңшар жұмысы үшін күйіп-жанып жүретін басшы енді тіпті, күндіз күлкі, түнде ұйқыны ұмытты.

Бүгінде «Свободное» аталатын бұл жауапкершілігі шектеулі серіктестік жайқалтып егін егіп, мыңғыртып мал өсіріп отырған Сандықтау ауданындағы ең іргелі шаруашылықтардың бірі. Топырақты қорғау және ылғалды үнемдеу технологиясын енгізген шаруашылық ауа райы жағдайына қарамай, жыл сайын жоғары өнім алуда. Серікестік ауыл шаруашылығы науқандарын белгіленген мерзімде сапалы орындауға ерекше назар аударады. Тұқым себу, егінді дәрілеу, егін жинау, сүдігер көтеру, қысқа қар тоқтату сияқты бірінен соң бірі кезектесе келетін науқандарды түгел сапалы атқаратын шаруашылықтың егісі бітік, өнімі де мол. Осыған орай, табыс та жоғары. Табыс көп болған соң жаңа техника алып, машина-трактор паркін қазіргі заманғы өнімділігі жоғары техникалармен жаңартуға да мүмкіндік бар. Бүгінде шаруашылықтың егіс алқабында шет елдік комбайндар мен ауыл шаруашылығы кешендерін жиі көруге болады.

Ұзақ жылдар шаруашылық басшысы болып келе жатқан Александр Александрович басты байлық адам екендігін ешқашан естен шығарған емес. Сондықтан да, серіктестікте ең алдымен еңбекшілерге жағдай жасау басты назарда. Соңғы жылдарда тұрақты түрде жоғары өнім алып келе жатқан серіктестік диқандарының табысы да осыған орай жыл сайын арта түсуде. Сол себепті мектеп бітірген жастардың басым көпшілігі ауылда қалып, еңбек етеді. Оның ұлы Александр да әке жолын қуып, тағдырын жермен байланыстырды. Қазір ол «Максимов» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін басқарады. Әкелі-балалы Закусиловтардың есімі бүгінде аудан ғана емес, облысқа жақсы танымал. Шаруасы өрге домалаған екі бірдей серіктестік ауыл тұрғындарын жұмыспен толық қамтамасыз етіп отыр.

Оған қоса, ауылдағы білім, денсаулық сақтау, мәдениет нысандарын да қамқорлыққа алған. Серіктестік өз қаржысына ауылдағы су жүйесін жөндеуді де мойнына алды. Жас мамандар үшін серіктестік төрт пәтерлі үш үй салып берді. Қарапайым халық үшін жасалып жатқан осы шаруалардың бәрі де бүгінде өз нәтижесін анық көрсетіп отыр. Соңғы он жылда ауылдан басқа жаққа бір де бір отбасы көшпеген, керісінше сырттан келіп жатқандар бар.

Биыл «Свободное» мекемесі өз қаржысы есебінен Владимирский орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 101,8 миллион  қаржы бөліп отыр. Бұл қаржыға «ГААК-НС» ЖШС білім ордасының шатыры мен қабырғаларын жөндеп, еден, есік, терезелерін ауыстыруда.

«Оған қоса, желдеткіш, канализация, су құбыры және электр жүйесі толықтай жаңартылуда. Мектептің жанында қаңырап қалған ғимарат та қалпына келтірілетін болады. Мектептің ғимаратында орналасқан қазандық сыртқа шығарылады және абаттандыру жұмыстары қолға алынады. Жалпы, күрделі жөндеу жұмыстары қазан айына дейін толық аяқталып, оқушылардың алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалынатын болады», - дейді Александр Закусиловтың үлкені.
nullnullnull

Биыл да әкелі-балалы Закусиловтардың басқарған шаруашылықтары егін өсірудің жоғары мәдениетін сақтаудың арқасында жылдағыдай жақсы өнім жинауды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, «Свободное» ЖШС-і 14132 гектар, «Максимов» серіктестігі 5185 гектар алқапқа дәнді дақыл тұқымын сіңірген еді. Шет елдік өнімділігі жоғары техникаларды жұмылдыра отырып, екі шаруашылық диқандары қысқа мерзім ішінде астықты ысырапсыз жинап аламыз деп отыр. Өткен жылы да аталмыш шаруашылықтардың өнімі күткендегідей мол болды. Қазір техниканы алдағы қоңыр күздегі егін орағы науқанына дайындау жұмыстары жүргізілуде.

nullnullnull

Соңғы жаңалықтар