Ақмолалық өнертапқыш сиырдың қиынан биоотын әрі тыңайтқыш өндіруде

None
None
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында өнертапқыш жігіт сиырдың қиын өңдеу арқылы биоотын мен тыңайтқыш өндіруде.

Білім мен ғылымды талап ететін осынау жобаны қолға алған Сандықтау ауданына қарасты Шаңтөбе кентіндегі "Вега" ЖШС-нің директорының орынбасары Иван Чесовикин. Ол өткен жылы Степногор қаласында 3 миллион теңгенің грантын жеңіп алған болатын. Енді міне, көптен армандаған биоотын мен тыңайтқыш өндірудің инновациялық жолын жүзеге асырып отыр. Осы мақсатта, құны 3 миллион шамасында тұратын реактор мен электронды кантроллерді жасап шығу үшін ол арнайы Германияға барып оқып келген екен.

Мұндағы жұмыс үрдісіне келсек, бәрі автоматтандырылып компьютер бағдарламасына енгізілген. Қол күшін қажет етпейді. Алдымен сыйымдылыққа, яғни реакторға ірі қара малдың қиы салынып, арнайы белгіленген температура мен арастырылудың арқасында метогендік бактерияға қолайлы орта жасалынады. Осыдан биогаз бөлініп, оны отын ретінде пайдалануға болса, қатты қалдығын тыңайтқыш ретінде егін, бау-бақша саласында қолдануға болатын көрінеді.

"Негізгі мақсатым тыңайтқыш өндіруге бағытталған. Сондай-ақ, қысты күні пешке жағатын биоотын да өндіру де ойымда бар. Жалпы, осындай жолмен өндірілген тыңайтқыш арқылы өнім көлемін 15-20 пайызға дейін арттыруға болады. Сонымен қатар, 70 пайыз метан, 30 пайыз көмірқышқыл газын, яғни биоотын өндіруге болады. Бұл өз кезегінде қысты күндері жылу алу үшін пешке жағуға өте қолайлы. Алдағы уақытта осынау газды автокөліктер мен тұрмыстық жағдайда пайдалануға болады", - дейді өнертапқыш жігіт.

Ескере кетсек, сырты жұпыны көрінген қондырғы серіктестіктегі мал қорасының біріне орналастырылған. Бүгінгі күні серіктестікте 1600 бас ірі қара бар көрінеді. Осыдан-ақ, Иван Чесовикин шикізаттан тарықпай, өндірісі өрге басатынына сеніммен қарауда.

Сонымен қатар, серіктестік жылыжайда салып қойған көрінеді. Қыс айларында аталған жылыжай сиыр қиынан алынған биоотынмен жылытылмақ.

Соңғы жаңалықтар