Ақмолалық оқушылар полиция қызметі туралы ғылыми жобаларын таныстырды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат –Ақмола облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен Полиция департаменті өткізген мектеп оқушылары арасындағы шығармашылық және ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздары марапатталды. Конкурс ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өскелең ұрпақты тәрбиелеу, азаматтық принцип және патриотизмді қалыптастыру арқылы білім және тәрбиені сіңіру мақсатында ұйымдастырылған байқауға мектеп оқушылары аса ыждаһаттылықпен қатысты. Байқау жеңімпаздары «Полиция – мемлекеттік қызметтің ерекше түрі», «Полицияның үздік батырлары», «ІІБ ардагерлері тәртіп күзетінде» секілді үш аталым бойынша анықталды.

«Оқушылар өз ғылыми жобаларын дайындау барысында ішкі істер органдарының қызметін зерттеп, қыруар жұмыс атқарды. Олар видеоролик және слайд арқылы полиция қызметкерлерінің күнделікті жұмысын көрсетіп, тәртіп сақшыларының міндеттері туралы айтты», - дейді ведомство баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнар Пинчук.

Байқауға шығармашылық және ғылыми жобалар бойынша 20 жұмыс ұсынылды.

Конкурсқа Қазақстан халқы Ақмола облыстық Ассамблеясы және Ассамблея жанындағы волонтерлер орталығының жетекшісі Умар Шонозоров, Көкшетау техникалық лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ирина Хохлова төрелік етті. Сонымен бірге, Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы «Қоғамдық келісімнің» талдау және мониторинг бөлімінің басшысы Светлана Егикян, Ақмола облыстық ПД кадр саясаты басқармасының бастығы Елкебек Әубәкіров байқау жұмыстарын бағалады.

Пандемияға байланысты жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Zoom арқылы өтті.

Байқау қорытындысы бойынша «Полицияның үздік батырлары» аталымында Көкшетау техникалық лицейінің 5 «б» сыныбының оқушылары жеңімпаз атанса, екінші орынды Щучье қаласындағы №.7 мектеп лицейінің оқушысы Мұрат Айлана, үшін орынды Атбасар қаласындағы №1 орта мектептің оқушысы Азиз Кәрібаев иеленді.

«Полиция - мемлекеттік қызметтің ерекше түрі» аталымы бойынша Щучье қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің оқушысы Айым Сауытова жеңімпаз болса, екінші орынға Көкшетау қалалық №6 орта мектептің 5 оқушысы Адам Ногаев пен Щучье қаласындағы №2 орта мектептің оқушысы Имана Цечоева лайық деп танылды.

Үшінші орын екі оқушыға – Жақсы ауылындағы №1 орта мектептен Бағдат Жетпіспайға және Көкшетау қаласындағы М.Ғабдуллин атындағы №3 гимназиядан Дастан Серіковке бұйырды.

«ІІБ ардагерлері тәртіп күзетінде» аталымында Балкашин ауылындағы №2 орта мектептің оқушысы Дания Егоров жеңімпаз атанды. Екінші орыннан облыс орталығындағы №13 мектеп гимназиясының оқушысы Исламия Есенбекова көрінді.

Жалпы, байқауға қатысқан бірде бір оқушы ескерусіз қалған жоқ, барлығы арнайы диплом және грамоталармен марапатталды.


Соңғы жаңалықтар