Ақмолалық оқушылар Елбасының еңбектері бойынша Қазақстан тарихын зерттеді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетау қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еңбектеріндегі Тәуелсіз Қазақстанның тарихы» атты облыстық конференция ұйымдастырылды.

Аталмыш шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараға Ақмола облысы жалпы білім беретін мектептерінің 9-11 сынып оқушылары қатысты.

Аталмыш іс-шараның мақсаты – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың еңбектеріндегі маңызды идеялары мен игі бастамаларын, стратегиялық құжаттарын зерттеу және бағалау.

Байқауда Қорғалжын, Атбасар, Зеренді аудандарының, Көкшетау, Степногор қалаларының оқушылары белсенділік танытты.

Қатысушылар ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жұмыстары бойынша ұсынылған бағыттардың бірін таңдап, қазақ немесе орыс тілінде жазылған өздерінің баяндамаларын ұсынды. Жұмыстар Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясының іске асырылуы, Тәуелсіздік – Қазақ мемлекеттілігінің қайта жаңғыруы: Қазақстанның жолы – эволюциялық даму, Индустриалды-инновациялық экономиканы құру: жетістіктері мен болашағы, Тәуелсіз Қазақстанның мәдени жетістіктері (білім, ғылым, өнер, рухани даму, ұлттық құңдылықтар), Адам капиталы – еңбасты ұлттық ресурс атты бағыттарды қамтыды.

Конференция 2 кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде 24 жұмыс қабылданып, жетеуі ақтық сынға іріктеліп алынды. Үздік жұмыстар онлайн форматта тыңдалып, жеңімпаздарға дипломдар мен алғыс хаттар тапсырылды.

Оның ішінде Зеренді ауданы, Зеренді ауылының №1 жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы Нариман Қошаев Бас жүлдені жеңіп алды. Ал Көкшетау қалалық №1 мектеп-гимназиясының оқушысы Айнәзік Ақматова 1 орынға ие болды. Қорғалжын ауылы мектеп-гимназиясының намысын қорғаған Әдина Құндақбаева мен Атбасар №2 жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы Жұлдыз Жүнісова 2 орынға тұрақтады. Ал, Атбасар ауданы, Сепе ауылының жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Жайна Ноян, №13 мектеп-гимназиясының оқушысы Милана Кариполлаева және Степногордегі Абай Құнанбаев атындағы №6 мектеп-гимназиясының оқушысы Тимур Шолько 3 орынды өзара бөлісті.


Соңғы жаңалықтар