Ақмолалық оқушы «Туған жер» республикалық фотобайқауында топ жарды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы Сандықтау ауданының Приозерное орта мектебінде оқитын 7-сынып оқушысы Артем Михайлев 11-17 жас аралығындағы балалар мен жастар арасында өткен «Туған жер» республикалық фотобайқауында топ жарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Байқауға еліміздің әр өңірінен ұсынылған 600 астам шығармашылық жұмыс қойылды. Скаут қозғалысының ұйымдастыруымен өткен байқауда қатысушылар қазақстандықтарды өзінің туған өлкесімен таныстыруы керек болатын. Осы орайда Артем «Менің туған өлкем - Приозерное» тақырыбымен өзінің шығармашылық еңбегін ұсынды.

«Артем байқауға әдейілеп дайындалған жоқ. Ол суретке түсіруді бала кезінен меңгерген. Сондықтан, байқауға жіберетін суреттерді таңдауда қиындық болған жоқ», - дейді анасы Татьяна Михайлева.

Ал, Артемнің өзі байқауда жеңімпаз атануды ойламағанын айтуда.

«Мен 600 адам қатысқан байқауда топ жарамын деп мүлдем ойлаған жоқпын. Дегенмен, жағымды жаңалықты естігенде қуанышым қойныма сыймады. Маған суретке түсіруді үйреткен анам. Сондықтан оған алғысым шексіз», - деп өзінің қуанышымен бөлісті Артем Михайлев.

Соңғы жаңалықтар