Ақмолалық құтқарушылар қысқа дайындығын пысықтап жатыр

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Ақмола облысында «Қыс-2021» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

О ған төтенше жағдайлар департаментінің аумақтық бөлімшелері, облыстық азаматтық қорғау қызметтері, мекемелер мен кәсіпорындардың және ұйымдардың өкілдері қатысып жатыр.

Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаевтың айтуынша, оқу-жаттығу өткізетін орын ретінде Ерейментау ауданы таңдалған.

«Биыл біз Ерейментау қаласын кездейсоқ таңдаған жоқпыз. Географиялық жағдайы мен аумақтық орналасуы бойынша жыл сайын дәл осы ауданда қыста автомобиль жолдарында кептеліс болады. Бүгін аудан орталығына облыстық азаматтық қорғау қызметінің барлық өкілдері келді. Қысқы кезеңге дайындық тексеріліп жатыр», – деді Нұрлан Атығаев.

Айта кетсек, мұндай оқу-жаттығулар жыл сайын республиканың барлық облыстарында өтеді. Оқу-жаттығу жұмыстарын пысықтау мақсатында облыстың барлық қалалары мен аудандарында жедел штабтар құрылды.

Құтқарушылар төтенше жағдай кезінде барлық санитарлық-эпидемиологиялық және карантин нормаларын сақтай отырып, екі күн қатарынан нақты уақыт режимінде іс-қимыл алгоритмдерін пысықтайды.

Еске сала кетсек, өткен жылдың қыс мезгілінде өңірде 550-ден астам адам құтқарылды және эвакуацияланды, жылыту пункттерінде 817 адам орналастырылды.

Сондай-ақ, қар құрсауынан 89 техника шығарылды.


Соңғы жаңалықтар