Ақмолалық күдікті 15 жылқыны ұрлап, 11-ін сатып үлгерген

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Полицейлер ақмолалық тұрғынның облыс аумағындағы аса ірі көлемдегі мал ұрлығына қатысы барын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ІІМ-не сілтеме жасап.

«Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Жақсы ауданы тұрғынының жылқы ұрлауға қатысы бары анықталды. Бұрын сотталмаған 46 жастағы жылқышы шілде айында Жарқайың ауданы Баранкөл ауылында 15 жылқыны ұрлап кеткенін мойындады. Полиция қызметкерлері қаскүнемнің сарайынан 4 жылқыны тапты. Қалғанын ер адам сатып үлгерген», - деп жазды ведомство.

Айта кету керек, ұрлық жасалғаны туралы өтінішпен аудандық полиция бөліміне ешкім жүгінген жоқ.

Қазіргі уақытта Жарқайың және Жақсы аудандық полиция бөлімдерінің қызметкерлері фигуранттың өңір аумағында осындай ұрлыққа қатысын тексеруде. «Мал ұрлығы» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.


Соңғы жаңалықтар