Ақмолалық көпбалалы ана сиыр өсіріп, ай сайын 600 литр сүт өткізеді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы Сандықтау ауданы Арбузинка ауылында тұратын көпбалалы ана ірі қара мал өсірумен айналысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Макка Асхабова – «Күміс алқа» құрметті атағының иегері болғандықтан алты баланы тәрбиелеу қаншалықты қиын екенін жақсы біледі. Алайда, ол мемлекеттен ақша талап ететін және жұмыс істегісі келмейтін көпбалалы аналарды түсінбейді.

«Мен көпбалалы аналардың наразылығын қолдамайтынымды айтқым келеді. Менің ойымша, әр әйел өзіне шектеу қоймастан жұмыс істеуі керек, өзін-өзі дамытумен және болашаққа жоспар құрумен айналысуы керек. Мақтанғаным емес, бірақ мен 6 бала тәрбиелеп отырған соң қыздарыма лайықты үлгі болуға тырысамын. Митингілер мен наразылықтар арқылы ештеңеге қол жеткізе алмайсыздар. Бойыңызды жинақтап, мақсатқа жету ешқашан кеш емес», – дейді көпбалалы ана.

Оның айтуынша, отағасы – комбайн жүргізушісі, өзі үй шаруасында. Ол өзінің барлық бос уақытын балаларын тәрбиелеуге жұмсайды. Бүгінде мемлекет тарапынан көптеген бағдарламалар жасалып жатыр, соның арқасында мақсатқа жетуге болады дейді Макка Асхабова.

«Күйеуім екеуміз ірі қара мал өсірумен айналысамыз. 2016 жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша 3 млн теңге көлемінде кредит алған болатынбыз. Бүгінде кредитті толығымен төледік, сарай салдық, қазір ауылда жеке бизнеспен айналысудамыз. 8 сауын сиырдан күніне 25-30 литр сүт аламын. Айына орташа есеппен 600 литр сүт өткіземін», – дейді Макка Асхабова.

«Атаулы әлеуметтік көмек көпбалалы отбасының өмір сүру жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. АӘК алушылардың көбі мемлекет есебінен қысқа мерзімді қайта даярлау курстарынан өтуде. Өңірдегі 703 тұрғынның жұмысқа орналасуына көмектестік. Сондай-ақ кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға және жеке бизнес ашуға, жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға жәрдемдесеміз. Биыл 37 көпбалалы ана жаңа бизнес-идеяларға 505 мың теңге көлемінде өтеусіз грант алды. Атаулы әлеуметтік көмек көпбалалы отбасылар үшін үлкен демеу», – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Дина Ахметжанова.

Оның айтуынша, аталған көпбалалы отбасы - маусым айынан бастап шартты ақшалай көмек алушы. Оларға ай сайын 152 мың 927 теңге көлемінде жалпы сомасы 1 млн 835 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.

Кеше Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Қазақстанда 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілетін АӘК көрсетудің жаңа тетіктерін таныстырған болатын.

«Ең басты принцип – мемлекет көмекке мұқтаж адамдарға, әсіресе балалар мен көпбалалы отбасыларға көмектеседі. Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек. Мемлекет жұмысқа орналасуға немесе шағын бизнеспен айналысуға көмектеседі. Мемлекеттік көмекке – көпбалалы отбасыларды қолдау, табысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, табысы аз отбасындағы балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакеті кіреді», – деді Біржан Нұрымбетов.

Министрдің айтуынша, көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылар енгізу арқылы қамтамасыз етілетін болады. Бұл мемлекеттік жәрдемақы барлық көпбалалы отбасыларға (4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар) табысына қарамастан төленеді.

АӘК табысы аз отбасыларға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға төленеді. Ең аз күнкөріс деңгейінің 70%-ын тағайындаудың шекті өлшемі қалады. Егер еңбекке қабілетті отбасы мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК төлемі тек оған ғана емес, бүкіл отбасына да тоқтатылады

Аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакетті енгізу ұсынылады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды мектепте ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киімімен қамтамасыз етеді, сондай-ақ оларға мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтеледі. Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін болады.

Биылғы тоғыз айда АӘК 417 мың отбасына немесе 2,1 млн адамға тағайындалды. АӘК орташа мөлшері бір адамға 2,5 есе - 6848 теңгеден 16 446 теңгеге дейін өсті. Орта есеппен отбасына 90 мың теңге шығады, айына ең көп тағайындалған сома – 455 мың теңге. Биыл АӘК-ке 206,2 млрд теңге көзделген, оның 146,4 млрд теңгесі төленді
Соңғы жаңалықтар