Ақмолалық кәсіпкер ауыл тұрғындарына хоккей кортын салып берді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмолалық кәсіпкер өз қаражаты есебінен ауыл тұрғындарына заманауи хоккей кортын салып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысының ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Ведомствоның дерегі бойынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде өңірде бірқатар меценаттар мен жанашыр азаматтар өздерінің туып-өскен жеріне қолдау көрсетуде. Тек осы жылдың өзінде ғана табысты бизнесмендер жалпы құны 4,6 миллиард теңге болатын 80-нен астам әлеуметтік бастаманы жүзеге асыруда.

«Әр ауданда ауылдың гүлденуі мен ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартуға көмек қолын созып, қамқор болатын азаматтар бар. Сандықтау ауданындағы  «Свободное» ЖШС директоры Александр Закусиловты сондай жандардың қатарына жатқызуға болады. Биылғы жылы іргелі шаруашылық Максимовка ауылында жас мамандарға арнап 10 пәтерлі үй салып берді. Оқушыларды тасымалдау үшін шағын автобус сатып әперіп, ауылішілік көшелерге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізді. Енді міне, хоккей кортын ашып, ауылдастарын қуантып отыр», деп атап көрсетілген ведомствоның баспасөз хабарламасында.null 

Белгілі болғандай, спорт нысанының құрылысына меценат 150 миллион теңгеден астам қаржы салған. Жабық хоккей кортында 72 орынға арналған медициналық бөлме, жаттығу залы, жуу, төреші бөлмесі мен көрермендер отыратын орын, спорт, шағын футбол, балалар, демалыс және мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге арналған алаңдар бар.

«Бұл мұзда әрдайым келушілер көп болсын. Бұл жерде олимпиада спортшыларының жаңа буыны өсетініне тілектестігімді білдіремін», - дейді Александр Закусилов.

Хоккей кортында ашылу құрметіне алғашқы жарыстар мен мұз шоуы өтті.

Айта кетерлік жайт, сандықтаулықтар өздерінің көрнекті спортшы-жерлестерін мақтан тұтады, олардың арасында олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, қазір Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, шаңғышы Владимир Сахнов бар.

Бүгінгі күні Сандықтау ауданында 100-ден астам спорт нысаны жұмыс істейді. Өткен жылы аймақ басшысы Мәлік Мырзалин «Болашақ» дене шынықтыру-сауықтыру кешенін ашқан еді. Бұдан бөлек ауданның мерейтойына орай Веселое ауылында футбол алаңы пайдалануға берілген болатын.

Соңғы жаңалықтар