Ақмолалық Ирина Капитанова Бангкоктан алтын жүлдемен оралды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Тайланд астанасы Бангкок қаласында өткен кадеттер арасында грек-рим, әйелдер және еркін күрес бойынша Азия Чемпионатына қатысқан Қазақстан құрамасының мүшесі ақмолалық Ирина Капитанова алтын жүлдемен оралды, деп хабарлады облыстық ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметінен.

Степногор қаласындағы БЖСМ түлегі Ирина Капитанова әйелдер арасында өткен күресте 65 келі салмақ бойынша боз кілемге шығып, Қазақстан құрамасына жалғыз алтын медальды сыйлады.

Ол өз кезегінде Өзбекстан, Қырғызстан және Моңғолия спортшыларымен күресіп, қарсыластарын тізе бүктірді.

Еске сала кетсек, аға жаттықтырушы Қайрат Сағадиев баптайтын Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль еншілеп, жалпы командалық есепте жапондықтардан кейін екінші орынға тұрақтады.

Ендігі кезекте жерлесіміз ағымдағы жылдың 14-20 шілде аралығында Словакияның Снина қаласында өтетін Әлем Чемпионатына дайындығын пысықтауда.

Соңғы жаңалықтар