Ақмолалық диқандар көктемгі егіс жұмыстарына кірісті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының диқандары дәнді, бұршақ және майлы дақылдарды себу жұмыстарына кірісті. Науқанға 31,6 мың ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Ауыл шаруашылығы дақылдарының ішінде жаздық бидайдың үлесі зор. Бүінгі таңда 530 мың тонна тұқымы бар. Элиталық тұқымның егіс көлемі 23,3 пайызға ұлғайтылып, 365 мың гектарды құрап отыр.

Фермерлерге «Кең дала» бағдарламасы бойынша 5 пайыздық жеңілдікпен несие түрінде мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Диқандар мемлекет тарапынан бөлінген 24 миллиард теңге қаржыға қол жеткізе алатын болады.

«Биылғы жылы 15 мың гектар алқапқа тұқым себу жоспарланған. Оның 10 мың гектарына бидайдың жұмсақ тұқымы, 4 мың гектарына арпа және 1 мың гектарына зығыр себіледі. Біз мемлекеттік бағдарлама арқылы көмек алып, оның 50 пайызын игердік. Бұл қаржыға гербицид, жанар-жағар май сатып алдық. Егіс жұмыстарын мамыр айының 25-не дейін аяқтау жоспарланған», - дейді Қорғалжын ауданындағы «Мирас-2000» ЖШС директоры Дәлел Жүзбаев.

Айта кетейік, биыл облыс бойынша 4,9 миллион гектар алқапқа дән себу жоспарланған. Оның 4,4 миллион гектары дәнді бұршақ, 254 мың гектары майлы дақылдар, 181 мың гектары мал азығы, 16,1 мың гектары картоп және 3 мың гектары көкөніс дақылдары.


Соңғы жаңалықтар