Ақмолалық диқандар көктемгі дала жұмыстарының 39 пайызын еңсерді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат- Биылғы жылы Ақмола облысының диқандары 4 миллион 744,8 мың гектар алқапқа дән сіңіруді жоспарлап отыр. 

Күні бүгінге дейін науқандық жұмыстардың 39 пайызы еңсерілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Жұмабек Әбуовтың айтуынша, биыл 4 миллион 744,8 мың гектар алқапқа дән егу жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылғы деңгейден 6,7 мың гектарға көп. Оның ішінде дәнді және бұршақты дақылдар 4 миллион 338,3 мың гектар алқапқа сіңіріледі. Сондай-ақ, негізгі азық-түлік дақылы болып саналатын жаздық бидай 3 миллион 798,8 мың гектар жерге егіледі.

«Қазіргі жағдайға тоқталсақ, жоспарланған 2,2 миллион гектар алқаптың ылғалы толық жабылды. 1,8 миллион гектар жерге егіс алдындағы өңдеу жүргізілді. Оның 600 мың гектары химиялық әдіспен өңделді. Егіс алдындағы өңдеу жұмысы одан әрі жалғасуда. Биылғы жылғы ауа райының қолайсыздығына байланысты облыс диқандары дәнді дақылдар егу жұмысын сәл кешеулетіп - 15 мамырда бастап, маусымның 2-іне дейін толық аяқтап шығуды межелеп отыр. Бүгінге дейін дәнді дақылдар тұқымының 39 пайызы сіңірілді, оның 1,5 миллион гектар алқабы - бидай, 183 мың гектары - майлы дақылдар.

Біржылдық шөп егу жұмыстары да жүргізілуде.

Науқанға барлығы 17 мың тұқым сепкіш, 1145 өнімділігі жоғары егіс кешені жұмылдырылуда. Облыстағы көктемгі егіс жұмыстарын өткізу үшін 79,2 мың тонна дизель отыны, 7,4 мың тонна бензин және 4,6 мың тонна май қажет болса, бүгінгі таңда облыстың шаруашылықтары 91 пайыз дизель отынымен, 100 пайыз бензинмен және маймен қамтылған», - дейді Ж.Әбуов.

Соңғы жаңалықтар