Ақмолалық диқандар көктемгі дала жұмыстарына кірісті

None
None
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Сандықтау ауданындағы «Свободное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биылғы көктемгі егістік жұмыстарына облыс шаруашылықтары арасында алғашқылардың бірі болып кірісті.

Бүгінде «Свободное» аталатын бұл ЖШС - жайқалтып егін, мыңғыртып мал өсіріп отырған Сандықтау ауданындағы ең іргелі шаруашылықтардың бірі. Топырақты қорғау және ылғалды үнемдеу технологиясын енгізген шаруашылық ауа райы жағдайына қарамай жыл сайын жоғары өнім алуда. Серіктестік ауыл шаруашылығы науқандарын белгіленген мерзімде сапалы орындауға қатты назар аударады. Жыл сайын тұқым себу, егінді дәрілеу, егін жинау, сүдігер көтеру, қысқы қар тоқтату сияқты бірінен соң бірі кезектесе келетін науқандарды түгел сапалы атқаратын шаруашылықтың егісі бітік, өнімі де мол. Осыған орай, табыс та жоғары. Табыс көп болған соң жаңа техника алып, машина-трактор паркін қазіргі заманғы өнімділігі жоғары техникалармен жаңартуға да мүмкіндік бар. Бүгінде шаруашылықтың егіс алқабында шет елдік комбайндар мен ауыл шаруашылығы кешендерін жиі көруге болады.

Ұзақ жылдар шаруашылық басшысы болып келе жатқан Александр Александрович басты байлық адам екендігін ешқашан естен шығарған емес. Сондықтан да, серіктестікте ең алдымен еңбекшілерге жағдай жасау басты назарда ұсталады. Жыл сайын егін орағында комбайн штурвалына отырып, уақытпен санаспай еңбек ететін механизаторлар еңбегі ұшан-теңіз.

Соңғы жылдарда тұрақты түрде жоғары өнім алып келе жатқан серіктестіктің диқандарының табысы да осыған орай жыл сайын арта түсуде. Өткен қыста серіктестіктегі көптеген жұмысшылар шетелдерге барып, демалып қайтты. Ондағы жолақының 50 пайызын серіктестік өз мойнына алған болатын. Сондықтан болар, бүгінгі күні мектеп бітірген жастардың басым көпшілігі ауылда қалып, еңбек етеді. Өткен жылдары жас мамандар үшін серіктестік төрт пәтерлі екі үй тұрғызған болатын. Оған жас мамандар мен серіктестікте жұмыс істейтін отбасылары қоныстандырылды. Қазіргі кезде тағы осындай үш үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл үйге де жас мамандар мен әлеуметтік сала қызметкерлері орналастырылмақ. Бір сөзбен айтқанда, шаруасы өрге домалаған серіктестік ауыл тұрғындарын жұмыспен толық қамтамасыз етіп отыр. Оған қоса, ауылдағы білім, денсаулық сақтау, мәдениет нысандарын да қамқорлыққа алған.

«Свободное» ЖШС біздің Максимовка селолық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан зор үлес қосып отыр. Әсіресе, серіктестік өз қаржысына селода қоғамдық монша, шағын маркет, спорт алаңы сияқты әлеуметтік нысандарды тұрғызып берді. Мұндағы мақсаты селолықтардың өмір сүруіне жағдай жасау болып табылады. Монша ақысы адам басына 100 теңгеден. Қарапайым халық үшін жасалып жатқан осы шаруалардың бәрі де бүгінде өз нәтижесін анық көрсетіп отыр. Соңғы он жылда ауылдан басқа жаққа бір де бір отбасы көшпеген, керісінше сырттан келіп жатқандар бар», - дейді селолық округтің әкімі М. Дүйсенбаев.

Ал егін шаруашылығына келсек, өткен жылы да Александар Закусиловтың үлкені басқаратын шаруашылық егін өсірудің жоғары мәдениетін сақтаудың арқасында жылдағыдай жақсы өнім жинады. «Свободное» ЖШС-і 16 мың гектарға жуық алқапқа дәнді дақыл тұқымын сіңірген еді. Ауа райының қолайсыздықтарына байланысты егін кеш пісіп, соған орай орақ та кештеу басталған. Шетелдік өнімділігі жоғары техникаларды жұмылдырған шаруашылық диқандары қысқа мерзім ішінде астықты ысырапсыз жинап алды. Өнім де күткендегідей мол болды.

Бүгінде серіктестікте қоңыр күздің мол астығына негіз қазірден жасалып жатыр. Шаруашылық өткен күзде биылғы жылға қажетті тұқым қорын дайындап, сүдігер көтеру, пар жырту жұмыстарын да ойдағыдай аяқтаған болатын. Қысқы қар тоқтатуға да үлкен көңіл бөлінген еді. Қазір ылғал жабу, себер алдындағы жерді өңдеу шаралары ойдағыдай аяқталып, ондаған гектар егістік алқапқа тұқым сіңіру жұмыстары басталып кетті.

«Биыл 16,5 мың гектар алқапқа тұқым сіңіруді көздеп отырмыз. Өзімізде астық сақтау орындары болғандықтан тұқым қоры да жеткілікті. Қазіргі кезде 7,5 мың тонна тұқымдық астық бар. Оның 2,3 мың тоннасын өзге шаруашылықтарға сатуды жоспарлап отырмыз. Биылғы көктемгі егістік жұмыстарына қазіргі заманғы тоғыз бірдей шетелдік егін себу кешендері тартылмақ. Науқанды екі аптаның ішінде ойдағыдай аяқтаймыз. Оған еш кедергі жоқ. Тек ауа райы қолайлы болса болғаны. Сондай-ақ, 5 мың гектар алқапты парға қалдырдық»,-дейді серіктестіктің бас агрономы Алексей Евгеневич.

Соңғы жаңалықтар