Ақмолалық ардагерлер Елбасы бастамасымен дүниеге келген ЕАЭО-ны қолдайды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмолалық ардагерлер Елбасы бастамасымен дүниеге келген Евразиялық экономикалық одақты қолдайды. Бұл туралы Көкшетауда «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында Евразиялық экономикалық одақтың құрылуына байланысты өткізілген облыс ардагерлерінің бас қосуында айтылды.

Жиынға облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, бастауыш ұйым төрағалары, «Нұр Отан» партиясы мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Жиналғандар алдында кіріспе сөз сөйлеген облыстық соғыс және еңбек ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мағауия Рақымбергенов Елбасы бастамасымен құрылған бұл үш ел арасындағы экономикалық одақтың басым бағыттары жайлы айтып берді. Бүгінгі таңда бұл тақырып барша қоғамның кең талқысына түсіп жатқаны тағы бар. Сондықтан алдыңғы толқын ардагерлер қауымы өздерінің ақыл-кеңестерімен жастар арасында түсінік жұмыстарын жүргізсе деген тілек те айтылды.

Ал облыстық теміржол саласының ардагерлері кеңесінің төрағасы, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Владимир Луганский 15 250 теміржолшы зейнеткерлердің бұл экономикалық одақты қолдайтындықтарын білдірді. Ол өзінің сөзінде кешегі кеңес дәуіріне көз жүгіртіп, қарқынды дамыған экономиканың байланысы үзіліп, әркім бас-басына түйе айдаған заман туғанын да толғана жеткізді. Өйткені, бұл Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері арасындағы экономикалық ұйымның болашағы зор. Әсіресе, осы елдерді мекен еткен азаматтардың жүріп-тұруына еркіндіктер беріліп, ешқандай кедергісіз қарым-қатынас жасай алады.

Облыс ардагерлері алдында өзінің ой-пікірін білдірген «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бауыржан Ғайса бұл одақтың саяси емес, экономикалық ұйым екендігін ерекше атап өтті. Себебі бүгін де бұл одақтың астарынан саяси астар іздеушілер де бар. Сондықтан іргеміз бекіп, шекарамыз нақтыланған кезде бізге бұрынғы кеңес дәуірі қайта туады деудің еш қисыны жоқ. Жаңа экономикалық одақтың басты мақсаты осы үш ел арасында капитал, өнім және адам ресурстарын еркін алмасу арқылы үлкен нарыққа шығу болып табылады.

Сонымен қатар мұндай пікірлерді облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының мүшесі Шияп Әлиев, соғыс ардагері Алексей Ястребов, Социалистік Еңбек Ері Сартай Жұмағалиев және тағы басқалары да білдіріп, Елбасының бұл бастамасын қолдайтындарын айтты.

Соңғы жаңалықтар