Ақмолалық ағаш шеберлері ЭКСПО нысандарын салуға қатысуда
2017 жылғы 28 наурыз 12:22

Ақмолалық ағаш шеберлері ЭКСПО нысандарын салуға қатысуда

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетау қаласында ағаштан ойып, қазақтың ұлттық бұйымдары мен тұрмыстық заттарының сан түрін шығаратын «БЛЭК» ЖШС-нің өніміне халықтың сұранысы артуда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Ширек ғасыр бұрын ағайынды ағаш шеберлері Юрий мен Вячеслав Никитенколардың бастауымен ашылған кәсіпорынды бүгінде білмейтін адам кемде-кем. Еліміз түгілі шетелге танымал кәсіпорынның көрме залына кіргеннен-ақ өзіңді көне дүние кемеріне түскендей сезінесің. Өйткені, мұнда ағаштан ойылып жасалған ұлттық бұйымдар мен тұрмыстық заттардың көптеген түрлері бірден көзге түседі. Астаулар ерекше сәнмен әрленіп, олардың қолмен қапсыра ұстайтын екі басы ұлттық өрнекпен әшекейленген. Сондай-ақ, залда жинамалы дөңгелек үстел, ұлттық оюмен өрнектелген кебеже мен үй жиһаздары, тамақ құятын ыдыстардың көптеген түрлері кездеседі.

Ал, бұрын кез келген қазақ үйінің төрінде тұрған түрлі ағаш сандықтарды көргенде, көңілің елжіреп-ақ кетеді. Ал кебеже сандықтардың сырты әдемі ою-өрнектермен көмкерілген. Кәсіпорынның ағаштан түйін түйетін шеберлерінің қолынан шыққан ағаш ыдыстарының ішінде қымыз құятын тостағандар, жеміс-жидекке арналған ыдыстар, тегештер мен ою-өрнекпен безендірілген қақпақты қымыз тегештері көздің жауын алады. Сөрелерге сорпа құятын ағаш ожау, ағаш айырша сияқты шығыстың өрнегі бар көптеген ғажап ыдыстар қойылған. Мұнда алашты әлдилеген сәнді бесіктер де тұр. Осындағы саумал құятын күбі келген адамның көзіне бірден түседі.

«Қазіргі кезде 150-ге жуық түрлі бұйымдар жасаймыз. «Қазақстанда жасалған» сауда белгісімен шығатын ұлттық оюмен өрнектелген қазақтың астауы, бесік, қымыз құятын астаулар мен дөңгелек үстелдер тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие. Осында шыққан өнімді еліміздің кез келген өңірінен кездестіруге болады. Тіпті, шетелден келген кейбір қонақтар жәдігер ретінде сатып алады. Наурыз мейрамы қарсаңында ұлттық бұйымдарға деген сұраныс одан сайын арта түседі. Олардың барлығында біздегі шеберлердің қолтаңбасы бар», - дейді серіктестіктің менеджері Анастасия Гатиятова.

Сонымен қатар, кәсіпорын экологиялық жағынан таза ағаш үйлерді де жасауда. Осы орайда, кәсіпорынға тұрақты тапсырыс берушілер саны артыпты.Бүгінгі таңда кәсіпорын жылына 400 текше метр ағаш өндеуге қауқарлы. Сонымен қатар, серіктестік ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесінің нысандарын салуға қатысуда.

Jańalyqtar

MURAǴAT