Ақмоладаға «Айдаһар үңгірі» - емшінің қасиеті мен энергиясы қалған жер

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында жиырмаға жуық киелі жер бар. Соның бір бөлігі республикалық киелі жерлер картасына енгізіліп, қалғаны облыстық тізімнен орын алып отыр. Дей тұрғанмен, кейбір нысандарда зерттеу жұмыстары толыққанды жүргізілмегендіктен, оларды адамдар біле бермейді.

Ақмола облысында туристік, тарихи киелі орындар көптеп саналады. Танымал жерлер қатарындағы Бурабай, Зеренді және Қорғалжын аудандарының туристік әлеуеті зор.

Ал көп айтыла бермейтін жердің бірі - Ақмола облысының Зеренді ауданындағы Үлгілі ауылы маңында өңірдің киелі нысандарының картасына енген «Айдаһар үңгірі» дер едік. Аталмыш нысан бұрындары белгілі болғанымен Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жарияланғаннан кейін ғана туристердің қызығушылығын арттыра түсті. Бұл жер туристер мен өңір тұрғындарының энергиялық күш алу үшін келетін қасиетті орны ретінде елге танымал.

Ол туралы Ақмола облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының бас инспекторы Серік Ысқақов айтып берді.

Оның сөзінше, «Айдаһар үңгіріне» ақырындап төмен түскеннен кейін көз алдыңызда керемет көрініс пайда болады. Жергілікті тұрғындар бұл үңгірді кездейсоқ тауып, осы үңгірге бару үшін бірнеше шақырым жүріп, табиғат пен желдің дыбысын есту үшін келеді. Бұл үңгірді сақтаушы «киелі орын» деп атаған. Оның қасиеті ағзаны және адам денсаулығын тазарту үшін өте пайдалы болып келеді. Бұл жерде психикалық дертке шалдыққан адамдар емделеді, үңгір шығармашылық адамдар үшін рухани қызмет орыны болды.

«Үңгірдің аумағы үлкен емес, бірақ оның ішіне кіргенде кеңдігі соншалықты оған тіпті, айдаһар да кіре алады. Бұл тек табиғаты жағынан ғана ерекше жер емес, ол көптеген жылдар бойы мыңдаған дұға-тілектердің жиналған жері... Жергілікті тұрғындар бұл үңгірді қасиетті деп санайды және ол жай ғана пайда болған жоқ», - дейді Серік Ысқақов.

Үңгірдің аумағына келетін болсақ, оның ұзындығы 270, ені 70, биіктігі 35 метр шамасында. Жарқабақ саңылауларынан мезгіл-мезгіл су тамып тұрады. Осы тарихи орын туралы жергілікті ақсақалдар арасында қалған аңыз әңгіме де бар. Аңызға сәйкес, бұл үңгірде ертеде бір емші адам тұрыпты. Оның алдына барып емделу оңай болмапты. Ал, жолы түсіп, көрінген адам бойындағы кез келген дертінен құлан таза айығып шығады екен. Кейін емші дүниеден өтіп, оның бойындағы қасиет пен күш энергиясы осы жерде қалған деседі. Сол себепті, бұл жерге барған адам ауруынан тез жазылып кететін көрінеді.

Қазіргі кезде, «Айдаһар үңгіріне» жету оңай әрі ондағы энергияның адам бойына оң әсер ететіндіктен келушілердің саны да соңғы кездері арта түсуде. Бұл жердің энергетикасы осында болған әр адамды таң қалдырады. Оны ауызбен айту мүмкін емес, тек жан тәніңмен ғана сезіне алады екенсің.

Зеренді аудандық туризм бөлімінің маманы Галина Бабушкинаның айтуынша, ауданда 16 тарихи киелі орын бар. Оларға туристік пакет әзірленген. Соның бірі - «Айдаһар үңгіріне» жылына шамамен 25 мыңдай адам келеді екен.

«Үңгірге таяқ тастам жерде Үлгілі сарқырамасы бар. Көктем айларында мұнда еріген қар суынан үлкен сарқырама пайда болады. Сарықырманы көруге жылдың осы кезінде 25 мыңдай адам келеді. Олардың барлығы дерлік жақын орналасқан «Айдаһар үңгіріне» соғып, бір сергіп қайтады», - дейді Галина Бабушкина.

Соңғы жаңалықтар