Ақмолада жылу беретін мекеменің қызметкерлеріне сот үкімі шықты

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетауда «Көкшетау жылу» коммуналдық кәсіпорыны мен Ақмола облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бұрынғы басшыларына қатысты сот үкімі шықты. Экс-шенеуніктерге айыппұл және бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көкшетау қалалық сотының үкімімен «Көкшетау жылу» коммуналдық кәсіпорынының бұрынғы бас директоры ҚР ҚК 361 бабының 1 бөлігі бойынша (қызметтік құзыретін теріс пайдалану) қылмыс жасағаны үшін кәнілі деп танылып, 500 айлық есептік көрсеткіш (1 202 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды. Ал, оның экономика және қаржы жөніндегі бұрынғы орынбасары сыбайластық және қызметтік құзыретін теріс пайдаланғаны үшін 200 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 481 000 теңге айыппұл төлейтін болады. Екеуі де мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Сонымен қатар, Ақмола облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бұрынғы басшысы мен оның орынбасары ҚР ҚК 371-бабының 1-бөлігі бойынша (салғырттық) кінәлі деп танылды. Бұрынғы басшыға 300 айлық есептік көрсеткіш (680 700 теңге) мөлшерінде айыппұл, ал, орынбасарына 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Бұлардың екеуі де тұрақты мекенжайын ескертусіз ауыстыра алмайды, сондай-ақ, құзыретті мемлекеттік органның рұқсатынсыз өзге жерге бара алмайды.

Сот үкімі күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай, прокурорлық тексеріс кезінде «Көкшетау жылу» коммуналдық кәсіпорнының 2015-2017 жылдары еш негізсіз 1,3 миллиард теңге көлемінде табыс тапқаны анықталды. Өңір прокуратурасының талабы бойынша жылу ақысына уақытша өтемақы тарифі белгіленді. Нәтижесінде өткен жылғы желтоқсанның 1-нен бастап Көкшетау тұрғындары 1 шаршы метр үшін 73,4 теңге жылу ақысын, яғни, екі есе төмендетілген бағамен төлей бастады.

Соңғы жаңалықтар