Ақмолада жыл басынан бері жоғалған 6 адам үйіне қайтарылған

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының полицейлері жақын адам жоғалған кезде қандай әрекет ету керектігі түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметі бойынша, ағымдағы жылдың қаңтар айында Бурабай аудандық ПБ кезекшілік бөліміне 1958 жылғы жергілікті тұрғын хабарласқан. Зейнеткер із-түзсіз жоғалып кеткен 34 жастағы ұлын тауып беруге көмек сұрады. Әкесінің айтуынша, ұлы 2018 жылдың тамызында Степногор қаласына кетіп, содан осы күнге шейін хабарсыз. Оның осыған дейін де жиі ақша табуға кетіп, бірнеше айдан соң бірер аптаға үйіне оралып отырған.

Дәл осындай өтініш Көкшетау қалалық полиция бөліміне облыс орталығының тұрғынынан түсті. Бұл жолы арызданушы Астанаға жұмыс істеуге кеткен әкесіне іздеу салған. Әкесі өткен жылдың қазан айынан бері байланысқа шықпаған.

Екі оқиғаға да байланысты полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларын қолға алды. Нәтижесінде ер адамдардың екеуінің де жүрген жері анықталды.

«Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар. Есте сақтау және бағдарлау қабілеті төмен адамдардың киіміне қажетті ақпарат бар жазбаны тігіп қойыңыздар», дейді ведомстводан.

Айта кету керек, 2018 жылы ақмолалық полицейлер із-түзсіз жоғалған 80 адамның жүрген жерін анықтады. Ал биылғы жылдың басынан бері барлығы 6 адам үйіне қайтарылған.

Соңғы жаңалықтар