Ақмолада жемқорлыққа қарсы жаңа жоба қолға алынады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмолада жемқорлыққа қарсы жобасы басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысы бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Астана қаласының әкімдігі бірлесіп қолға алған «Астана - адалдық алаңы» жобасын атап өткен болатын. Жобаның негізгі міндеттері - тұрғындардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін одан әрі дамыту мен жемқорлық мәселесін мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру арқылы шешу, тұрмыстық жемқорлықты жою, азаматтар және бизнес үшін кедергісіз және қолайлы жағдайлар жасау, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы, ауқымды қоғамдық бақылау жүргізу.

«Елбасының Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыру шеңберінде мемлекеттік органдардың  жұмысы тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы тиіс. Осы мақсатта Ақмола облысы бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жергілікті органдармен бірлесіп, «Сыбайлас жемқорлықсыз өңірлер» жобасын қолға алады. Жоба кедергісіз орта қалыптастыруға және тұрмыстық жемқорлықты азайтуға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді ведомстводан.

Мемлекеттік органдардың басшыларымен кездескен Ақмола облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Берген Баспалинов аталмыш жоба азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттырып, сапалы қызмет көрсету арқылы мемлекеттік аппарат беделін нығайтуға септігі тиетінін атап өтті.

«Жобаны кешенді түрде жүзеге асыру үшін кәсіпкерлер, азаматтық сектор және БАҚ өкілдері тартылатын болады», - деп толықтырды ведомстводан.

Соңғы жаңалықтар