Ақмолада жас дәрігерлерді пәтер, жатақхана және көтермеақы күтіп тұр

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгінгі күні Ақмола облысындағы ауылдарда 236 медицина қызметкері жетіспейді. Облыстың аудандарына жұмысқа келетін жас дәрігерлерге қандай баспана мен көтермеақы ұсынылатыны туралы Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жас дәрігерлерді баспанамен қамту үшін Степногор қаласы мен Аршалы, Астрахан, Бұланды, Егіндікөл, Біржан сал, Есіл, Жақсы, Жарқайың, Ерейментау, Целиноград, Қорғалжын және Сандықтау аудандарында 55 пәтер, жатақханадан 38 орын, жалдамалы пәтердің ақысын төлеу қарастырылып отыр. Бұдан бөлек, ауылға барған әр дәрігерге 252 мың теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленеді», - дейді ведомствоның баспасөз хатшысы Фатима Россолова.

Баспасөз хатшысының сөзінше, 2019 жылы Бұланды ауданында көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оған медицина қызметкерлерінің 18 отбасы қоныстанады. Бұл олардың баспана мәселесі шешіледі деген сөз. Осындай жобаларды өзге аудандарда жүзеге асыру жоспарланған.

«Жоғары оқу орындарының түлектері дипломын қолына алған соң бірден ірі қалаларда жұмыс істегісі келеді. Осы орайда тәжірибелі дәрігерлер қалада жағдай жақсы болғанымен, ауылдық жер жас мамандардың тәжірибе жинауына қолайлы екенін айтуда», - деп толықтырды Ф. Россолова.

Еске сала кетейік, таяуда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Ақмола облысының Қабанбай ауылында болып, жас дәрігерлердің тұрмыс жағдайымен танысқан болатын. Ол жас мамандардың сарай сияқты қонақ үйде тұрып жатқанын, оларға жағдай жасалмағанын сынға алған еді.

Соңғы жаңалықтар