Ақмолада заңсыз еңбек еткен шетелдіктер жауапкершілікке тартылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында заңсыз еңбек еткен Өзбекстан азаматтары жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның дерегі бойынша, облыс аумағында «Келімсек» жедел алдын алу шарасы өтті. Рейд кезінде 16 қаңтарда көші-қон полициясының қызметкерлері Өзбекстан Республикасының екі азаматының арнайы рұқсатсыз жұмыс істеп жүргенін анықтады.

«Тексеріс қорытындысы бойынша шетелдіктер ҚР ƏҚБК-нің 517-бабы 5-бөлігіне сәйкес əкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аталған санкция бойынша оларға 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынуы немесе 10 тəулікке қамауға алынуы мүмкін.

Сонымен қатар, жұмыс беруші Қазақстар Республикасының азаматы ҚР ƏҚБК-нің 519-бабы 1-бөлігі бойынша əкімшілік жауапкершілікке тартылды», - дейді ведомстводан.

Жалпы, «Келімсек» жедел алдын алу шарасы барысында тəртіп сақшылары көші-қон заңнамасының бұзылуына байланысты 74 оқиғаны анықтады.

Соңғы жаңалықтар