Ақмолада үш биге ескерткіш орнатылып, Жеті жарғы көшесі ашылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Целиноград ауданында аудандық сот ғимараты алдында қазақ халқының төбе билеріне арналған «Үш би» ескерткіші және Ақмол ауылында Жеті жарғы көшесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, ескерткіш және көшенің ашылу салтанатына аудан тұрғындары, сот жүйесінің, әкімдіктің, аудандық мәслихаттың өкілдері, құқық қорғау органдарының, прокуратура, жергілікті мемлекеттік органдардың, бизнес құрылымдарының басшылары, еңбек және сот жүйесінің ардагерлері қатысты. Аталған іс-шара аудан және облыс үшін маңызды оқиға болып отыр.

Салтанатты шарада Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров, ҚР Жоғарғы Соты жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары Нүргүл Қарағойшина, «Целиноградское» кредиттік серіктестігі» ЖШС-нің басқарма төрағасы, Қоғамдық кеңес төрағасы Сағдат Әшебеков, аудан әкімінің орынбасары Алма Айтқожинова және Целиноград аудандық сотының төрағасы Төлеген Тұрғамбаев құттықтау сөз сөйледі.

Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміровтің айтуынша, үш жүздің бас биіне орнатылған ескерткіш «бірліксіз ұлттың тұтастығы, ал даналықсыз елдің дамуы мүмкін еместігін» еске салып тұрады.

«Төле, Қазыбек және Әйтеке билерге арналған ескерткіштер осы елдімекендегі жұртшылықтың көзін қуантып, жиі келетін сүйікті орынға айналады. Қазақ халқының бірігуіне және мемлекет тұтастығын сақтау жолында тер төккен қайраткерлерді өскелең ұрпақ білетін болады. «Үш би» ескерткіші даналықты және тұрақтылықты бейнелеп, мақтаныш, күш пен ерлікті сондай-ақ бірлікпен, мықты мемлекетті және әділ қоғамды айшықтап тұрады», - деп атап өтті Досжан Әміров.

Аудандағы екінші маңызды оқиға - Жеті жарғы көшесінің ашылуы. Ақмол ауылындағы бұл көше 15-19 ғасырлардағы хандық дәуірде қабылданған, қазақ құқығының бастауында тұрған «Жеті жарғы» заңдар жинағының атымен аталған. Аталған заң Тәуке хан тұсында жеті бөлімнен құрылып, мемлекетте құқықтық қатынасты реттеген бірінші Ата заң болды.

«Бүгінгі таңда облыста 13 көше және бір кентке қазақ билерінің есімі беріліп, осы арқылы қазақ халқының тарихы жаңғыртылды. Аталған жұмыс Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының басшылығымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларының негізгі қағидаларын іске асыру мақсатында жүргізілуде» - дейді Досжан Әміров.

Соңғы жаңалықтар