Ақмолада тұрғын үйлерге улы газды анықтайтын 574 құрылғы орнатылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмолада тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың үйлеріне түтін мен улы газды анықтайтын 574 құрылғы орнатылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт қауіпсіздігі саласы бойынша бақылау-профилактикалық қызмет басқармасының басшысы, азаматтық қорғаныс полковнигі Денис Шелкоплясов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс аумағында өткен өрт қауіпсіздігі айлығының қорытындысы талқыланған брифингте 2019-2020 жылғы жылу маусымы кезінде жеке тұрғын үйлерде орын алатын төтенше жағдайларды алдын алу және күресу бағытында қолға алынған шаралар айтылды.

Денис Шелкоплясовтың мәліметінше, жыл басынан бері облыс аумағында 695 өрт оқиғасы тіркеліп, одан 13 адам ажал құшқан, 157 миллион 534 мың теңгеден астам материалдық шығын келген. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда біршама аз көрсеткіш. Мұны әрине, облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің өрт қауіпсіздігін алдын алу мақсатында әкімдіктер мен коммуналдық кәсіпорындардың өкілдері және жеке адамдармен жылу маусымы барысында бірігіп өткізген шараларының нәтижесі деуге болады.

Осы бағытта өрт қауіпсіздігі айлығы кезінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, аудиторлық ұйымдар және еріктілермен бірлесіп 65 649 адамды қамтыған 32 352 жеке тұрғын үйге барып қауіпсіздік шараларын түсіндіру жұмыстарын жүргізіпті. Сонымен қатар, 6 858 адамды қамтыған 250 жиналыс өткізген. Дегенмен, шара кезінде 1279 үйде адам болмаса, 2884 жағдайда үй иелері төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерін үйлеріне кіргізбеген.

«Жыл сайын жылу беру маусымы басталысымен өрт шығу қаупі де арта түседі. Адам өліміне әкеп соқтыратын тілсіз жаудың белең алуына негізінен мас күйінде темекі тұқылын дұрыс сөндірмеу, отты абайсыз пайдалану, пеш және электр желісі құрылғыларын қолданған кезде өрт қауіпсіздігі ережелерінің дұрыс сақталмауы себебінен болып отыр. Айлық шеңберінде өткен тексеріс кезінде пеш, газ баллоны мен электр желісіне қатысты 8152 өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылғаны анықталды. Сондықтан, алдағы уақытта да біздің департамент тарапынан қалалар мен аудандарда өрт қауіпсіздігінің алдын алу мақсатындағы жоспарлы кешендік жұмыстар жүргізіле береді, – дейді Денис Шелкоплясов.

Брифинг барысында тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың үйлеріне түтін мен улы газды анықтайтын құрылғыларды орнату жұмыстары сияқты алдын алу шаралары да айтылды.

«Облыс аумағында осындай 574 құрылғы орнатылды. Жыл соңына дейін тағы 300-ден астамын орнату жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыстар жергілікті әкімдіктермен бірлесіп атқарылуда», деп түйіндеді Денис Шелкоплясов.

Соңғы жаңалықтар