Ақмолада туберкулезбен күреске 2 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалмақ

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - 2019 жылы Ақмола облысында туберкулезбен күреске 2 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Ақмола облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның дерегі бойынша, Қазақстанда туберкулезді анықтау, алдын алу және емдеу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіреді және бұл кеселді емдеу тегін жүргізіледі. 2019 жылы мемлекеттік бюджеттен туберкулезбен ауратын науқастарға диагностика, емдеу және әлеуметтік көмек көрсету үшін 47,7 миллиард теңге бөлінді. Ақмола облысында бұл қаражат - екі миллиард теңгеден астам.

«Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің ресми статистикасына сәйкес, 2018 жылы диспансерде 623 адам емделсе, оның ішінде 18 жасқа дейінгі 25 бала бар. Ал, 274-сі - белсенді туберкулезбен ауыратындар. 2018 жылы 419 науқасқа алғаш рет диагноз қойылды. 2017 жылмен салыстырғанда 757 адам тіркелді. Аймақтағы ауруға шалдығу деңгейін төмендетуге жақсы серпін берген жоба - флюорографиялық сараптама арқылы жоғары тәуекел тобының 100 пайыз қамтамасыз етілуін анықтау болды. Бұл жыл сайын аймақтағы тұрғындардың уақытылы флюорографиядан өтуін қамтамасыз етеді. 2018 жылы жоспар 423382 адам болса, оның 422961 зерттелді», - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Ақмола облыстық филиалының баспасөз қызметіндегілер.

Сонымен қатар, өңірде балаларға екпе егу проблемалары да жоқ емес. Ата-анасының бас тартуы салдарынан 138 балаға БЦЖ екпе егілмеді. 2018 жылы туберкулезден 12 адам көз жұмды, 2017 жылы бұл көрсеткіш 24 адамды құрады.

«2016 жылдан бастап облыста туберкулезге қарсы жаңа препараттар мен қысқа мерзімді емдеу енгізіліп, туберкулезді емдеу мерзімі 20 айдан 12 айға дейін қысқартылды. Жаһандық қордың және «Серіктестер денсаулық үшін серіктестер» халықаралық ұйымының пилоттық жобалары шеңберінде дәрілікке төзімді туберкулезді ертерек диагностикалау және емдеу бойынша бірқатар шаралар қабылданды. Бұл амбулаториялық емдеудің тиімділігін арттырып, науқасты емдеудегі үзілістердің саны 0,8 пайызға дейін төмендеді, емдеу тиімділігі ДДҰ ұсынған 85 пайыздан асты», деп толықтырды ведомстводан.

Соңғы жаңалықтар