Ақмолада тиімсіз пайдаланылған 979 689 гектар жер анықталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында тиімсіз пайдаланылған 979 689 гектар жер анықталды. Бұл туралы аймақ басшысы Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен жер қатынастары саласындағы мәселелерге қатысты өткен аппарат мәжілісінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының жер ресурстарын тиімді пайдалану туралы тапсырмасын орындау бойынша Ақмола облысында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Аталған мәселе бойынша аймақ басшысының қатысуымен барлық аудандар мен қалаларда актив жиыны өтті.

«Жерді тиімді пайдалану мемлекеттің басты міндеті. Атқарушы органдар, жер пайланушылар жерге жанашырлықпен қараулары қажет.  Тағы да қайталап айтамын, аудан және қала әкімдері, құзыретті органдардың басшылары жер заңнамасы нормаларының бұзылуына жол бермеулері тиіс», деді аймақ басшысы М.Мырзалин.

Ақмола облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Алмагүл Қадыралинаның мәліметі бойынша биылғы жылы тұңғыш рет қолға алынып отырған ғарыштық мониторинг нәтижесінде өңірде тиімсіз пайдаланылған 979 689 гектар жер анықталды. Бұл жерлердің  276 364 гектарында тексеру шаралары жүргізіліп, 133 437 гектары ауыл шаруашылығы айналамына қайтарылды. Ал пайдаланылмай жатқан қалған жерлерді қайтарып алу бойынша мемлекеттік бақылау жүргізетін органдар жұмыс істеуде.  

Сонымен қатар, алқаптардың электронды картасын қалыптастыру бойынша жұмыстар да аяқталуға жақын.

Қазіргі кезде,  5 миллион 683 мың гектар егістік алқап немесе жоспардың 99,2 пайызы цифрландырылды. Жыл соңына дейін шабындықтар мен жайлымдар толық цифрландырылады.

Ал «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ Ақмола облысының интерактивті картасы жобасын жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізуде. Бұл электронды форматта инвестициялық жобалар, бос жатқан жерлер мен оны алу үшін құжаттар тапсыру процедуралары, сондай-ақ, қосылу үшін тораптары көрсетілген инженерлік желілері туралы мәліметтер орналастырылады.

 Қазіргі кезде Көкшетау қаласының картасы тестік режимде жұмыс істеуде. Алдағы уақытта барлық аудандарды қамту көзделген. Жобалаушылар аталмыш жобаны жүзеге асыру өңірде цифрландыру, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік қызметтін  оңтайландыруда септігі мол деп отыр.

Мәжілісті қорытындылаған аймақ басшысы аудан және қала әкімдеріне пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтап, тиісті шаралар қолдану туралы тапсырма берді.

 

Соңғы жаңалықтар