Ақмолада теміржолшыларға тиесілі 2 млн теңгеден астам ақша төленбеген

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында күрделі метеорологиялық жағдайда жұмыс істеген теміржолшыларға 2 миллион теңгеден астам ақша төленбеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көкшетау көлік прокуратурасы теміржол көлігінің қозғалысын қамтамасыз ететін теміржол саласындағы жұмысшылардың еңбек құқығы бұзылғанын анықтады.

«Нақтырақ айтсақ, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Ақмола магистралдық желілер бөлімшесі 2017 жылдың желтоқсаны мен 2018 жылдың ақпан айы аралығында минус 25 градус аязда, яғни, күрделі метеорологиялық жағдайда жұмыс істеген теміржолшылардың айлығына қосымша төленетін 15 пайыз ақшаны бермеген»,  - деп түсіндірді ведомстводан.

Прокурорлар қадағалауының нәтижесінде барлық 222 теміржолшыға тиесілі 2 миллион теңгеден астам ақша өтелді.

Көлік прокуратурасының  дерегінше, еңбек заңнамасының және ұжымдық келісімшарттың бұзылуына жол берген кәсіпорынның жауапты лауазымды тұлғалары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

 

Соңғы жаңалықтар