Ақмолада Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өрт сөндіру бөлімдеріне 15 автокөлік тапсырылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында Тәуелсіздік мерекесіне арналған салтанатты шара өтіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан бір топ ақмолалық жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көкшетау» мәдениет сарайында өткен салтанатты шарада аймақ басшысы алдымен өңірдің өрт сөндіру бөлімдеріне су жаңа 15 автокөлікті тапсырды. Бұл 15 көліктің 12-і өрт сөндіруге арналған автоцистерна, 2-уі «УАЗ» автокөлігі және 1-і ТРЭКОЛ жол талғамайтын – батпақта жүретін көліктер.

Бұдан әрі, мәдениет сарайының фойесінде «Тәуелсіз елдің ұрпақтары» инновациялық жобалар көрмесі ұсынылды.

Мерекелік шараға жиналғандар алдында сөз сөйлеген аймақ басшысы барша ақмолалықтарды еліміздің басты мерекесі - Тәуелсіздік күнімен құттықтай келе, Қазақстанның егемендік жылдары қол жеткізген жетістіктері жайлы айтып берді.

«Өңірімізде жаңа білім ошақтарын салудың арқасында үш ауысымдық мектептер мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Келер жылы шалғай ауылдарда орналасқан мектептерге бір мың компьютер техникасы сатып алынып, 13 робот техникасы кабинеттері ашылады. Қазір жұмыс істеп тұрған 20 ресурстық орталық Назарбаев зияткерлік мектептерінің стандарты бойынша жабдықталады. 2021 жылы Көкшетау қаласында 800 орындық көпсалалы облыстық аурухана, мүгедектерге арналған оңалту орталығының және нефрологиялық орталықтың құрылысы басталады. Жоғары медициналық оқу орнын бітіріп келген 34 жас маманға облыстық бюджет есебінен 1 миллион теңге көлемінде көтермеақы төленеді. Келер 2020 жылы Көкшетау қаласында Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумы өтеді. Бұның бәрі де Тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткізіп отырған жетістіктер», - дей келе, Ермек Маржықпаев Тәуелсіздік алған ширек ғасырдан астам уақыттан бері елді көркейтуге бар күштерін салған ақмолалықтарға шынайы алғысын жеткізді.

Сондай-ақ, мемлекеттік және қоғамдық қызметте еңбегі сіңген азаматтарға әр деңгейдегі мемлекеттік марапаттарды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар