Ақмолада Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы Елбасының рөлі талқыланды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Тұңғыш Президент күні қарсаңында Көкшетауда Ақмола ҚХА төрағасының орынбасары Айна Мысырәлімованың төрағалығымен Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараға кеңес мүшелері, этномәдени бірлестіктер, мемлекеттік мекемелер, бұқаралық ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар өкілдері қатысты.

«ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасының басшылығымен егемен Қазақстан өзінің сыртқы және ішкі саясатының басты басымдықтарын айқындай отырып, өзінің қалыптасу және даму жолынан өтті. 30 жыл ішінде Қазақстан азаматтық бейбітшілік пен этносаралық келісім тәжірибесі әлемдік қоғамдастықта құнды деп танылған елге айналды. Тәуелсіздік тарихының бір бөлшегі болып табылатын сіздердің әрқайсыларыңызға мемлекеттің дамуына қосқан үлестеріңіз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін», – деп атап өтті Айна Мысырәлімова өзінің құттықтау сөзінде.

Іс-шарада Целиноград ауданының әкімі Бақытбек Оспанбеков, Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы төрағасының орынбасары, «Санги-Кабуд» тәжік ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Омар Шоназаров, «Жаңғыру жолы» Ақмола Жастар қозғалысының жетекшісі Владислав Вебер, Көкшетау құрылыс-технологиялық колледжінің биология пәнінің оқытушысы, Ақмола ҚХА жанындағы Мемлекеттік тілді насихаттау және дамыту орталығының мүшесі Алена Малькова-Солопова сөз алып, Тәуелсіздікті, бейбітшілік пен келісімді нығайту, бірлікті сақтау, қоғамды одан әрі дамыту мәселелері бойынша пікірлерімен бөлісті.

Кеңес отырысын қорытындылай келе, Ақмола ҚХА төрағасының орынбасары өңірдегі этносаралық келісімді нығайтуда одан әрі жүйелі және сапалы жұмыс жүргізуге, атап айтқанда, ел Президентінің экологиялық бастамаларын іске асыруға жастардың белсенді қатысуына, облыс аудандарында аналардың рухани тәрбиесі мен жан – жақты дамуына бағытталған «Мәдениетті ана-мәдениетті ұлт» жобасына, этномәдени бірлестіктердің «Біздің өлкеміздің тарихы» жобасын жүзеге асыруға атсалысуға шақырды.

Кеңес соңында достықты, бейбітшілік пен келісімді нығайту ісіндегі жемісті жұмысы үшін Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың атынан бірқатар ақмолалықтар алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапатталды.


Соңғы жаңалықтар