Ақмолада суға батқан 27 жастағы бойжеткеннің денесі үш күннен бері табылмай жатыр

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында суға батып кеткен 27 жастағы қыздың денесі екі күннен бері табылмай жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы жағдай шілденің 19-ында Аршалы ауданы аумағындағы Астана су қоймасында болған.

«Шілденің 19-ында 21:03 шамасында Аршалы аудандық ПБ кезекшісі хабарласып Астана су қоймасында жағадан 250-300 метр қашықтықта, 20 метр тереңдікте, белгісіз жағдайларда су гидроциклінен құлаған 1995 жылғы қыз суға батып кеткенін айтты. Қазіргі уақытта құрамында 10 адам, іздеу иті және екі моторлы қайығы бар (оның біреуі стационарлық эхолотпен жабдықталған) құтқарушылар тобы суға батқан адамды іздестіруде», - деді Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.

Айта кетейік, суға кеткен бойжеткен БАҚ-та қызмет етеді, бұрын ҚазАқпарат халықаралық агенттігінде жұмыс істеген.

Ақмола облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінен атап өткендей, суға батқан әйел сол күні су қоймасына құрбыларымен демалуға барған. Гидроциклде жүзу кезінде ол суға құлап кеткен.

«Бұл жағдай сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді», - деді Полиция департаменті баспасөз қызметінен.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын Бурабайдағы Үлкен шабақты көлінде демалушылар үш қызды құтқарып қалған еді.


Соңғы жаңалықтар