Ақмолада су тасқынының алдын алуда цифрлық технология қолданылады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында су тасқынын алдын алуда цифрлық технология қолданылады. Бұл туралы аймақ басшысы Мәлiк Мырзалиннiң төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжілісте цифрлық технологияны қолдану арқылы гидрологиялық болжам әзiрлеудiң жаңа жүйесi талқыланды. Наурыздың 19-нан бастап бастап өңірдегі азаматтық қорғаныс жүйесi «жоғары дайындық» режімiне көшті. Қазгидрометтiң мәлiметiне сәйкес, күннiң жылынуына және жауын-шашынға байланысты, Ақмола облысының аумағында қардың қарқынды еруi, өзен деңгейінің көтерiлуi күтiлуде.
NASA спутниктерi және ГИС-технологиялардың ғарыштан түсiрiлген суреттерiн пайдалана отырып, Қазгидромет орталығы өзен бассейндерiндегі қар жамылғысына қатысты карта құру арқылы болжам жасаудың жүйесiн түбегейлi өзгерттi.
null
Атап айтқанда, цифрлық технологиялар жазық жерлерде ағатын өзен бассейндерiнiң су жиналу алаңын алғаш рет анықтады, соның негiзiнде су қорының көлемi есептеледi. Жаңа жүйе мәлiметтерiнiң нәтижесiнде Ақмола облысының әкiмдiгi 3-тен 7 күнге дейiн күтiлетiн суды уақытында бақылай алады. Қазгидромет болжамдарының дұрыстығы айтарлықтай жоғары: 7 күнге дейiн - 90 пайыз, 3 күнге - 95 пайыз.
Қазгидромет апта сайын барлық өңiр бойынша өзен бассейнiндегi ылғал қоры көлемiнiң миллион текше метр бойынша өзгеру қарқыны туралы ақпарат ұсынады. Жердiң қатуы бойынша мәлiметтер алғаш рет ұсынылды. 2018 жылы жердiң қату тереңдiгiнiң мәнi өткен жылғыларға қарағанда жоғары, ол топыраққа ылғал қорының сiңуiне және өзен суларының көбеюiне ықпал етуi мүмкiн.
Бүгiнгi таңда, ғарыштық мониторинг бойынша қар жамылғысының болуы Көкшетау, Степногорск қалаларынан, Аршалы, Бiржан сал және Бурабай аудандарынан басқа облыстың 14 аудан аумағының 65 пайыз көлемде байқалады.
«Қолайсыз су тасқынына жол бермеу мақсатында, Ақмола облысында көктем маусымындағы төтенше жағдайлардан ауданның елдi мекендерiн инженерлiк қорғау бойынша бiрқатар шаралар қолданылды.
Ақмола облысы аумағының су объектiлерiнiң (өзендер, су қоймалары, көлдер, тоғандарда және т.б.) қауiптi учаскелерiнде 96 бақылау бекеті орналастырылды. Барлық бақылау бекеттерде аудандар мен қалалар әкiмдiктерiнiң, облыстың ұйымдары мен мекемелерiнiң қызметкерлерiнен жауапты тұлғалардың кезекшiлiгi ұйымдастырылды.
Қазiргi уақытта, Ақмола облысының аумағында жағдай тұрақты. Тұрғын үйлердi су басуға жол берiлген жоқ», деп көрсетілген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар