Ақмолада шенеуніктер азаматтарды әлеуметтік желі арқылы қабылдауда

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмолада шенеуніктер азаматтарды әлеуметтік желі арқылы қабылдауда. Бұл туралы Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Берген Беспалинов айтты, деп ҚазАқпарат тілшісі.

Департамент басшысының айтуынша, «Ақмола - адалдық алаңы» жобасы шеңберінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары сияқты бірқатар басқармалардың басшылары Инстаграм әлеуметтік желісінде тікелей эфир арқылы азаматтарды қабылдау тәжірибесін меңгеруде.

«Бұл азаматтар үшін тікелей эфир арқылы өздерін толғандырған сауалдарын қойып, жауап алудың тамаша мүмкіндігі. Бүгінгі күнге дейін Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының, «Көкшетау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмi, Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасының басшылары тікелей эфирге қатысып, 68 азаматтың сауалына жауап берді. Жалпы, тікелей эфирге барлығы 531 азамат қатысқан» - дейді Берген Беспалинов.

Айта кетсек, аталған жоба тұрмыстық жемқорлықты жоюға, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға, азаматтарға жайлы әрі бөгетсіз орта құруға бағытталған. Жоба шеңберінде «Open Spase» технологиясын енгізу, мемлекеттік органдардың ғимараттарын оңтайландыру және басшылардың кабинеттерін халық үшін қолжетімді бірінші қабаттарға ауыстыру арқылы трансформациялау мәселесі қолға алынды. Бұл шаралар ашықтықты және халықтың сенімін арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар, Берген Беспалинов «Қоғамдық бақылау картасы» жобасының артықшылығын да атап өтті. Аталмыш жоба шеңберінде ағымдағы жылдың 4 айында департаментке 130-дан астам өтініш түскен. Бұл жоба департаментке азаматтардан әлеуметтік желілер арқылы келіп түсетін өтініштерді қарау мүмкіндігін береді. Тіпті аталған өтініштер ҚР «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» заңының талаптарын қанағаттандырмаған жағдайда да қаралатын болады.

«Жоба азаматтардың өтініштерін уақытылы әрі сапалы қарауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта департаменттің қарауына түсетін өтініштердің 40 пайыздан астамы әлеуметтік желілер арқылы түседі» - деп толықтырды Берген Беспалинов.

Соңғы жаңалықтар