Ақмолада санитарлық нормаға сай келмейтін тамақ өнімінің 79% - импорт тауарлары

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында кулинарлық өнімдер санитарлық нормаларға сәйкес келмейді. Бұл туралы өңірдің бас мемлекеттік санитар дәрігері Айнагүл Мусина мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Ақмола облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өнімнің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізіп жатыр.

«Биылғы бес айда 1553 сынама алынды, оның ішінде 117 сынама немесе 7,5 пайызы санитарлық нормаға сәйкес келмеді. Нақтырақ айтсақ, тамақ өнімдері – 66 (7,2%), азық - түлік емес өнімдер - 51 (8%). Сәйкес келмейтін тамақ өнімдерінің арасында аспаздық өнімдер – 40 пайыз, ет өнімдері - 14,8 пайызы, құс өнімдері – 13 пайызы, балық өнімдері - 11,3 пайызы, жарма өнімдері-7,1 пайызы, сүт өнімдері-6,5 пайызды құрады», - деді А.Мусина.

Өңірдің бас мемлекеттік санитар дәрігері атап өткендей, облыстың ішкі нарығында айналыста жүрген, санитарлық нормаға сәйкес келмейтін өнімнің 79,6 пайызы - импорт тауарлары үлесінде.

Ал отандық өндірушілердің өнімі 20,4 пайызды құрады.

«Кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты анықталған заңбұзушылық деректері бойынша санитарлық нұсқама беріледі. Жыл басынан бері 63 ұйғарым шығарылып, екі әкімшілік материал жасалды және жалпы сомасы 352 245 теңгеге екі айыппұл салынды», - деп толықтырды А.Мусина.


Соңғы жаңалықтар