Ақмолада «Рухани жаңғыру» шеңберінде бірқатар жобалар таныстырылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімованың төрағалығымен өткен жиында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған жобалар ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараға мемлекеттік мекемелердің басшылары, аудандар мен Көкшетау, Степногорск қалалары әкімдерінің орынбасарлары, сараптамалық комиссияның, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының мүшелері, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушылары мен қоғамның белсенді өкілдері қатысты.

Қатысушылар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлері», «100 жаңа есім», «100 жаңа оқулық», «Жаһандағы заманауи Қазақстандық мәдениет», «Жаңа гуманитарлық білім» бағыттары аясында өздерінің жобаларын ұсынды.

Аталмыш бағдарламаның тәрбие мен білім саласына қатысты «Саналы Азамат» базалық жобасы бойынша облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Валерий Гамазов есеп беріп, білім басқармасы тарапынан бірнеше жобаларды ұсынды. Онда қалада тұратын балаларға арналған «Ауыл тынысы», керісінше, ауыл балаларының «Қала тынысы», жас музыканттар мен шығармашылық қабілеті бар жас таланттардың фестивальдері мен байқаулары секілді 30-ға жуық жоба ұсынылды. Алайда ұсынған жобаларының көпшілігіне бірқатар ұсыныстар мен ескертулер айтылды.

«Елбасының мақаласында айтылған рухани жаңғыру мәселесіне барша ел болып назар аударудамыз. Аталмыш бағдарлама шеңберінде ұсынылатын жобалар оның атына сай ауқымды, маңызды, жас ұрпаққа пайдасы мол дүниелер болуы тиіс. Қазір егер осы ұсынып жатқан жобаларды бірауыздан қолдап, оған қыруар қаржы бөлетін болсақ, ол келешекке не береді? Сондықтан жобаларды ұсынғанда оның мән-маңызына көңіл аударсақ. Екіншіден, рухани жаңғыру болған соң, жобалар мемлекеттік тілде жүзеге асырылуы тиіс. Мұнда ұсынылып жатқан жобалар тек орыс тілінде. Өз тілімізде жобаларды ұсына алмасақ, кім болғанымыз?», - деді «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Смағұл.

Осындай пікірді «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің  төрағасы Мейрамбек Қиықов та айтты.

«Біз қазір жобалардың тұсауын кесіп жатырмыз. Қарап, талқылап болған соң ғана бекітеміз. Біз миллиондаған қаржыны бір ғана іс-шараға беріп қоймаймыз. Оның барлығын саналы түрде қарастыруымыз қажет. Сараптамалық комиссия жобалардың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына толық сәйкес келуіне баса көңіл аударады. Мүмкін кейбір жобаларға аздап түзетулер енгізу керек шығар, ол жағына да мән беріп, авторларына қайтарамыз», - деді сараптамалық комиссияның төрағасы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаров.

Соңғы жаңалықтар