Ақмолада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша бірқатар киелі орын қалпына келтірілді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында «Рухани жаңғыру» бағдараламасы қолға алынғаннан бері бірқатар киелі орындар қалпына келтіріліп, абаттандырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметі бойынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында өңірдегі қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссияның хаттамалық тапсырмаларын орындау бойынша тиісті шаралар жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Атамекен», «Ақпарат толқыны» бағдарламалар арқылы жүзеге асырылуда.

Оның ішінде киелі жерлерді қалпына келтіру және абаттандыру мәселесіне келетін болсақ, «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында өңірде 81 әлеуметтік жобасы жүзеге асырылуда. Аталмыш бағдарлама бойынша Зеренді ауданының меценаты Б.Козлов Уәли ханның (2017 жылы - 6,5 миллион теңге, 2018 жылы - 7,5 миллион теңге) мазарын абаттандыру бойынша кезең кезеңмен жұмыс жүргізуде. Бұл осы бағдарлама арқылы маңы абаттандырылып жатқан облыстағы алғашқы ескерткіш. Оны Борис Козлов басқаратын «Азия-Агрохим» ЖШС жеке қаражаты есебінен жүзеге асырып отыр.

Ескерткіш Зеренді ауданындағы Қазақстан ауылының оңтүстік-шығыс жақ тұсында 2008 жылы ханның 270 жылдығына орай тұрғызылған. Қызыл кірпіштен төрт бұрышты етіп қаланған. Төбесіне жарты айы бар күмбез орнатылған. Жалпы аумағы 1920 шаршы метрді, қабырғаларының биіктігі 8 метрді құрайды.

Уәли ханның сүйегі өз заманында түрлі саяси қайшылықтарға байланысты өзге қазақ хандары сияқты Түркістанда емес, туған жерінде жерленген. Бастапқыда бұл жерде белгі тас қана болған. Оның өзін ханның немересі 1804 жылы орнатқан. Кеңестік дәуірде бұл жерге ешкім көңіл бөлмеген. Сол себепті, зират қараусыз қалған. «Бұл жерде Абылай ханның әйелі Сайман ханым мен тоқалдары да жерленген деген деректер бар.

Сонымен қатар, «Рухани - Қазына» кіші бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде 58 жоба мен қосалқы жобаны қаржыландыруға 695,9 миллион теңге қарастырылып отыр. Осы бағдарлама арқылы аймақтың туристік әлеуетін арттыру үшін «Ботай-Бурабай» ашық аспан астындағы археологиялық және этнографиялық мұражайы ашылды (70,0 миллион теңге).

Бурабай баурайындағы Ботай қонысының көне бейнесін баяндайтын мұражай жеті тұрғынжайдан тұрады. Жалпы аумағы 15 гектар жерді алып жатқан ежелгі адамдар қонысынан 150-ден астам үйдің орны табылған еді. Ғалымдар ежелгі тұрғынжайларды қазып, қайта тұрғызуға мүмкіндік алған. Ежелгі тұрғынжайлардың қабырғасының ені бір метр шамасында, ал биіктігі 70-90 сантиметр мөлшерінде. Қабырға периметрлері бойынша бөренеден өрілген, түтін шығатын шаңырақ пішіндес тесік жасалған. Кәдімгі қазақтың киіз үйлері кейпінде. Осы жерден ежелгі адамдардың құрал-жабдықтары, ыдыс-аяқтары, тастан жасалған жебе, садақ, қанжар, пышақ тәрізді аңшы қарулары табылды.

null null null null

Жалпы, Ақмола облысындағы өзге де киелі орындарды зерттеп, қалпына келтіру жəне насихаттау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы шеңберінде өңірдегі киелі жерлердің мәдени-географиялық белдеуі жасалған.

Оған облыстағы 200-ден астам киелі нысан еніп отыр. Оның ішінде республикалық тізімге енген нысандар қатарында «Құмай» археологиялық-этнографиялық кешені, Олжабай батыр зираты, Абылай хан алаңы, Кенесары үңгірі, Оқжетпес тауы, «Беспақыр» мазары, Баубек батыр кесенесі, Науан хазірет (Жақия қажы) мешіті бар.
null null

Сондай-ақ, Астрахан ауданындағы «Тоғыз әулие» моласына да тарихшы ғалымдар тарапынан қызығушылық танытуда. Ал Қорғалжын ауданы аумағында Жәнібек ханның кесенесі зерттелуде.

«Бүгінгі күні Көкшетау қаласында Ақан сері, Біржан сал, Ш.Уәлиханов (30 млн теңге) ескерткіштері жөндеуден өтсе, Біржан сал ауданында Рамазан Елебаев, Степногор қаласында Қаныш Сәтбаев (78 млн теңге) ескерткіштері орнатылып, Зеренді ауданында Уәли хан мазарының аумағын қайта қалпына келтіру бойынша қосымша абаттандыру жұмыстары жүргізілді (6,5 млн. теңге).

Жақсы ауданының (4,7 млн. теңге) орталығымен Баубек батыр кесенесіне дейінгі 10 шақырымдық жол салынды. Сондай-ақ, Қорғалжын кесенелерінің кешенді киелі нысандарын қалпына келтіру жоспарланып отыр», дейді Ақмола облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының бас инспекторы Серік Ысқақов.

Соңғы жаңалықтар