Ақмолада өнеркәсіп саласындағы өсім 103 пайызға жетті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат  - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Көкшетауда жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сапар аясында Мемлекет басшысы Ақмола облысы активімен кездесті. Кездесуде аймақ басшысы Ермек Маржықпаев облыстың 2019 жылдың он айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебі тыңдалды.

«Облыс бүгінгі тыныс-тіршілігімен қатар, даму көрсеткіші еліміз үшін маңызды міндеттің қатарында. Өз Жолдауымда айтып өткендей, экономикалық өсімді және тың өзгерістерді еліміздің әр азаматы сезінуі қажет. Біз халықтың әл-ауқаты арттыруда басты назарда ұстауымыз керек. Өңірімізде тұратын азаматтардың тұрмыс сапасы жоғары стандарттарға сай болуы тиіс. Бұл ең алдымен жергілікті халық тұрғын үй, әлеуметтік қолдау, инфрақұрылым сияқты игіліктерді көрулері тиіс деген сөз. Сол себепті барлық деңгейдегі әкімдіктер жұмысты жаңа талапқа сай, тиімді ұйымдастыруы қажет. Осыған орай, бүгінгі жиында Ақмола облысын дамыту мәселелерін қарайтын боламыз», - деді актив жиынын ашқан Мемлекет басшысы.

Бұдан әрі облыс әкімі аймақтың 2019 жылдың он айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы есеп берді.

«Ең алдымен, Елбасы алға қойған стратегиялық міндеттер мен Президенттің биылғы Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттарын жүзеге асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқтала кетсем. Өңірдің биылғы тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің жақсарғанын байқауға болады. Облыс экономикасының көрсеткіші 103,2 пайыз болды. Өнеркәсіп саласында - 103 пайыз, ауыл шаруашылығы саласында - 100 пайыздан астам, құрылыс саласында - 125 пайыз өсімге қол жеткізілді», – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы келтірген мәліметттерге қарағанда, облыста негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі де өсіп отыр. Инвестиция тарту мәселесіне Мемлекет басшысы көп көңіл бөліп отыр. Жыл басынан бері облыс экономикасына 267 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға жоғары. Оның ішінде жеке инвестиция үлесі 80 пайызға дейін артып отыр.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы өңірге сапары кезінде Көкшетау қаласындағы полиэтилен, полипропилен және кальций карбонатынан жоғары сапалы әрі мемлекеттік және халықаралық стандарттарға сай түрлі қаптар мен «Биг-бэг» контейнерлерін өндіретін «Асыл арман» ЖШС, «Акай» киім ательесі және халал ет өнімдерін шығаратын «Бижан» ЖШС жұмысымен танысады деп жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар